Түрік суретшісі Ахмет Өгретеннің «Су жолы: Босфордан Ұлы далаға дейін» халықаралық көрмесі

9 Қараша, 2026

2026 жылы 10 қарашада сағат 16:00-де «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-ға қарасты Алматы галереясында түрік суретшісі, акварель кескіндемесінің шебері Ахмет Өгретеннің «Су жолы: Босфордан Ұлы далаға дейін» атты халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылады. Көрме Алматы қаласы әкімдігі мен Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Көрмеде түркі әлемінің тарихи мұрасы мен бай мәдениетін бейнелейтін 54 акварель туындысы көпшілік назарына ұсынылады. Суретші еңбектерінде Босфор жағалауынан Ұлы далаға дейінгі кеңістікті қамти отырып, түркі халықтарының ортақ тарихын, мәдени мұрасын және ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын көрсетеді. Акварель техникасы арқылы жарық пен түстің нәзік үйлесімін шебер жеткізеді. Сонымен қатар, дәстүрлі шығыс өнерінің бір түрі эбру техникасын да меңгерген суретші оның элементтерін шығармашылығында кеңінен қолданады.

Көрме Алматының мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық мәдени диалогты кеңейтуге ықпал етеді.

Көрменің салтанатты ашылуына Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы, дипломатиялық корпус өкілдері, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жас суретшілер, мәдениет және өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысады. 

Көрме Алматы галереясында 2026 жылы 22 қарашаға дейін жалғасады.

Өтетін орны: Алматы галереясы, Достық, 44
10.11.2026, 16:00-де

Бөлісу: