Алматыда «Жасыл ел» жобасының аясында 2 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты

9 Қараша, 2026

Алматыда «Жасыл ел» ұлттық жобасының XXII еңбек маусымының қорытындысы шықты. Маусым барысында жастардың еңбек жасағы қалалық аумақтарды тазалау мен абаттандыру, экологиялық акция өткізу мен көгалдандыру жұмысына қатысты. Жалпы, жоба аясында 2 100 жас уақытша жұмыспен қамтылған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды. Онда қалалық жастар саясаты басқармасының өкілдері жобаның қалай іске асқанын, жастардың экологиялық бастамаға қатысуы мен уақытша жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы баяндады.

Жоба аясында шамамен 5 гектар аумақ тазартылып, 2 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 25 сенбілік пен 70 экологиялық акция ұйымдастырылды. Қатысушылар 2 500 ағаш пен көшет екті осы жолы. Жұмыс қаланың қоғамдық кеңістіктерін, тау шатқалдары мен өзен жағалауын қамтыды.

Жастар саясаты басқармасының басшысының орынбасары Мирас Нысаналиевтың айтуынша, «Жасыл ел» жобасы жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуып,  экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігінің бірі болып саналады. Оның сөзінше, еңбек жасағына қатысу жастарға алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға, өз еңбегімен табыс тауып,  қаланың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

«Еңбек маусымының маңызды нәтижесі – жастардың қала өміріне тікелей араласып, өз еңбегінің қоғамға тигізетін пайдасын сезінуі. Қоғамдық пайдалы еңбек тәртіпті, жауапкершілік пен ортақ игілікке қызмет ету мәдениетін қалыптастырады», – деп атап өтті ол.

Өз кезегінде, Алматы қаласындағы «Жасыл ел» жастар еңбек жобасының жетекшісі Ердәулет Жүнісбек еңбек маусымы 1 мамырда басталып, оның ресми ашылуы 2 маусымда өткенін айтты. Жастар жасақтары Аюсай мен Қимасар шатқалын, Терренкур аумағын, Есентай өзенінің жағалауы мен қаланың қоғамдық кеңістіктерін тазалау жұмысына атсалысты.

Сонымен қатар қатысушылар Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілік пен Көк-Жайлау аумағында шамамен 2 мың шырша егу акциясына атсалысты.

Жобаға қатысушылар арнаулы жұмыс киіммен, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Ердәулет Жүнісбектің айтуынша, еңбек маусымына жоспарланған барлық көрсеткіш толық орындалған.

XXII еңбек маусымының жабылу рәсімі 6 қарашада ALT University базасында өтті. Салтанатты шараға жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, жастар еңбек жасақтары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында жастардың үздік еңбек жасақтары 10 номинация бойынша марапатталды. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, ALT University және қалалық колледждердің өкілдері бар. Сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Алматы қаласындағы SOS Балалар ауылының өкілдері де марапатталды.

Алдағы уақытта жобаның уақытша жұмыспен қамту бағытындағы мүмкіндігін кеңейту, жастардың кәсіби дағдысын дамыту мен оларды жаңа экологиялық бастамаларға тарту жағын ойластырып жатыр.

Бөлісу: