Live
Алматының Бостандық ауданында абаттанған бес жаңа қоғамдық кеңістікті таныстырды
6 Қараша, 2026
Бостандық ауданында әлеуметтік жауапты бизнес өкілдерінің қолдауымен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр. Әкімдік пен кәсіпкерлердің өзара серіктестігінің арқасында бұрын қараусыз қалған аумақтар замандық аллеялар мен алаңқайларға, тұрғындардың демалып, уақыт өткізуіне қолайлы қоғамдық орындарға айналып келеді. Баспасөз туры аясында жеке бизнес өкілдерінің қаржылай қолдауымен жаңартылған бес қоғамдық кеңістікті таныстырды.
Ең ауқымды жобаның бірі – Радостовец көшесіндегі №292 үйге қарама-қарсы, Дунаевский көшесінде орналасқан «Shuaq» аллеясы. Оның ұзындығы 550 метр болады. Бұған дейін бұл жерде тұрғын үй кешендерінің арасындағы бос жатқан аумақ болған. Қазір мұнда серуен жолы, балалар мен спорт алаңы, әткеншектері бар бастырмалар мен субұрқақ орнатылған. Аумақ ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендіріліп, көгалдандырылған жер көлемі шамамен 4 мың шаршы метрді құрады.
Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтің айтуынша, бұл аумақты абаттандыру қажеттігін жақын маңдағы тұрғын үй кешенінің, соның ішінде Алмагүл шағын ауданы мен Гагарин паркінің тұрғындары бірнеше рет көтерген. Бастапқыда жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына енбегендіктен, оны демеушілердің есебінен жүзеге асыру туралы шешім қабылданыпты.
«Біз қолданыстағы жасыл желек қорын сақтап, екі көшені байланыстыратын толыққанды жаяу жүргіншілер кеңістігін құруды көздедік. Алдағы уақытта аллеяны Серкебаев көшесінен Радостовец көшесіне дейін жалғастырып, Розыбакиев көшесіне шығаруды жоспарлап отырмыз. Алмалы ауданындағы Панфилов көшесі сияқты мұнда да өзіміздің жаяу жүргіншілер көшесін қалыптастырғымыз келеді», – деді Азамат Қалдыбеков.
Қазіргі уақытта аумаққа 12 мыңнан астам бұта егіліп, субұрқақ пен пергола орнатылған, жарықтандыру бағаналары қойылған. Аудан басшысының атап өтуінше, абаттандыру жұмысы барысында қала әкімінің тапсырмасымен әзірленген қалалық кеңістіктің бірыңғай тұжырымдамасы мен элементтер каталогы да ескерілген.
Жергілікті тұрғын Гүлнәр Сүлейменованың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл жерде қоқыс жиналатын қараусыз бос аумақ болған. Жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардың пайда болуына байланысты абаттандырылған қоғамдық кеңістікке деген қажеттілік те арта түскен.
«Жарты жылдың ішінде балалар алаңы бар осындай тамаша орын пайда болды. Мұнда барлығы өте сапалы әрі әдемі жасалған. Бұл – адамдарға деген қамқорлықтың көрінісі деп айтқым келеді. Әр бөлшегіне дейін мұқият ойластырылған. Мұнда балалар ойнап, ересектер бүкіл отбасымен уақыт өткізе алады. Осы кеңістікті жасауға атсалысқан барша жанға алғыс білдіреміз», – деді тұрғын.
Тағы бір нысан – Серкебаев көшесі, 83 мекенжайында орналасқан инклюзивті балалар алаңы. Ол, соның ішінде, жақын маңдағы «Шапағат» орталығында емделіп, оңалту курсынан өтіп жүрген балаларға арналған. Алаңның аумағы 450 шаршы метрді құрайды. Кеңістік ерекше қажеттіліктері бар балалардың, соның ішінде мүгедектер арбасымен қозғалатын балалардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Мұнда барлық баланың ойынға өз бетінше қатысуына мүмкіндік беретін арнаулы көпірше мен өткелдер қарастырылған.
Қызы осы орталыққа жиі келетін тұрғын Анар Нұрсейітованың айтуынша, жаңа алаң мекеме инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналған.
«Бұл алаңның ерекшелігі – оның тек өздігінен жүре алатын балаларға ғана емес, мүгедектер арбасымен қозғалатын балаларға да арналғандығында. Бала жай ғана отырып, басқалардың ойынын бақылап қоймай, өзі де алаңға жақындап, ойын мен қызықты шараға қатыса алады. Мұнда инклюзивті орта өте жақсы ойластырылған», – деп атап өтті ол.
Әлеуметтік әріптестік аясында Байқадамов көшесінің Серкебаев көшесінен Жароков көшесіне дейінгі бөлігінде де абаттандыру жұмысы жүргізілді. Қазіргі уақытта жұмыстың негізгі бөлігі аяқталған. Жаяу жүргіншілер жолы қайта жаңартылып, төсемтасы ауысты, автоматты суару жүйесі жаңартылып, жаңа жарықтандыру бағанасы орнатылды. Жақын арада орындық пен қоқыс жәшіктерін орнатып, өсімдік егу жағы да жоспарланған.
«Біз аумақты қаланың бекітілген тұжырымдамасына сәйкес абаттандырып жатырмыз. Бұл – плитка, төсемтас, автоматты суару жүйесі және басқа да элементтердің бірыңғай стилі. Қараша айында Байқадамов көшесін абаттандыру жұмысын толық аяқтап, қосымша орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатуды, суару жүйесін ретке келтіруді және көпжылдық бұталар егуді ойластырып отырмыз», – деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Мирас Зейнолдин.
Абай даңғылы мен 20-шы желі көшесінің қиылысында да алаңқай абаттандырылды. Мұнда 650 шаршы метр гранит плитка төселіп, жасыл желектер егілген. Сонымен қатар 1 836 шаршы метр аумақта көгал жасалып, 30 жарықтандыру бағанасы, 12 орындық пен 12 қоқыс жәшігі орнатылған. Бұдан бөлек, автоматты суару мен су бұру жүйесі де орнатылды.
«СК ALMATY TAU» ЖШС мердігер ұйымының бас директоры Александр Московкиннің айтуынша, алаңқайдың барлық элементі Алматының бірыңғай дизайн-кодына сәйкес орындалған.
«Жарықтандыру бағаналары, алаңдар, төсемтастар, шағын сәулет нысандары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері бірыңғай стильде жасалған. Материалдарды таңдағанда олардың сапасына, бетонның беріктігі мен плитканың қалыңдығына ерекше назар аударылды. Келесі аптада жарықтандыру жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жасыл желектерді сақтап, аумақты жақсы жағдайда ұстауға мүмкіндік беретін автоматты суару жүйесі орнатылады», – деді ол.
Бесінші нысан – Назарбаев даңғылының бойындағы №235 пеп №229 үйдің арасындағы аллея. Жоба үш тұрғын үй ауласын қамтиды. Мұнда жаңа плитка төселіп, балалар мен демалыс алаңы жабдықталған, жарықтандыру мен автоматтандырылған суару жүйесі орнатылған. Сондай-ақ түрлі бұта мен ағаштар да егілгген екен.
«Сенсата Групп» компаниясының басқарушы тобының өкілі Бекдос Уәлиевтің айтуынша, аумақтағы барлық жұмыс шамамен екі айға созылған. Абаттандыру барысында жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға көн көңіл бөлініпті.
2026 жылы Бостандық ауданында кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен әлеуметтік әріптестік аясында 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 13-і аяқталса, 14 жоба бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде аталған бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 2,8 млрд теңгеден асады.
Аудан әкімі Азамат Қалдыбеков кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп жұыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
«Әкімдік пен бизнестің күш біріктіргенінің арқасында ауданымыздың келбеті қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Осындай әр жобаның артында жай ғана абаттанған аумақ емес, тұрғындар үшін жаңа мүмкіндік тұр: серуендеуге, демалуға, спортпен айналысуға және қарым-қатынас жасауға арналған орындар пайда болды. Әсіресе кәсіпкерлердің бастамашылдық танытып, өз қаражатын әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттау арқылы қалалық инфрақұрылымды дамытуға атсалысып жатқаны қуантады. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен тиімді әріптестіктің айқын көрінісі. Біздің міндетіміз – әр тұрғын өзін жайлы сезінетін жағдай жасау. Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, жаңа серіктестерді тартып, халыққа нақты пайда әкелетін бастамаларды қолдаймыз. Бірлескен жұмыс Бостандық ауданын одан әрі жайлы әрі көрікті етуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді ол.
Мұндай бастамалар жекелеген аумақтарды жаңартып қана қоймай, серуендеуге, спортпен айналысуға, демалуға және өзара қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін осы заманғы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.