Live
Алматыда Меруерт Өтекешованың мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті*
5 Қараша, 2026
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлі арқылы көпшілікке танылған Қазақстанның халық артисі Меруерт Өтекешованың 75 жас мерейтойына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» атты шығармашылық кеш өтті. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
«Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері атанған актрисаның мерейтойына орай концерттік және театрландырылған бағдарлама әзірленді. Кешке Меруерт Өтекешеваның әріптестері, өнердегі шәкірттері мен өзге де өнерпаздар қатысты. Көрермендерге актрисаның өмірі мен шығармашылық жолы туралы деректі бейнеролик те көрсетілді.
Кеш «Алатау» театры артистерінің орындауындағы «Мереке-думан» хореографиялық композициясымен ашылды. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен «JAN» иммерсивті театрының актерлері театрландырылған қойылым ұсынды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының артистері «Қыз Жібек» музыкалық драмасынан үзінді орындады. Сонымен қатар сахнада Меруерт Өтекешова сомдаған Қарагөз бейнесі қайта жаңғырды.
Кештің музыкалық бағдарламасына «Жизель» балетінен адажио, «Аққу» күйі, «Махаббат майданы» әні және басқа да шығармалар енді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындады.
Мерейтойлық іс-шараға актрисаның шәкірттері мен әріптестері де қатысып, оның қазақ театры мен кино өнерінің дамуына қосқан үлесіне құрмет көрсетті.
Шығармашылық кеш «Театр – біздің тағдырымыз» композициясымен түйінделді.