Алматының Жетісу ауданында 1 520 оқушы орны ашылды

5 Қараша, 2026

Жетісу ауданында мектеп салып, оны жаңғыртудан бөлек, ауданда Инновациялық шығармашылық орталығын құрып, кітапхана желісін кеңейтіп, сондай-ақ балаларға арналған спорт пен шығармашылық үйірмесінің қолжетімділігін қамтамасыз етпек ойда.  Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Құрасбек Сәдібеков осылай деді.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Боралдай көшесінде 1 200 орынға арналған №225 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар №112 мектеп үшін 320 орындық қосымша корпус салынды. Қазір №43 мектепте жаңғырту жұмысы қола алынды. Мұнда тағы 280 орындық корпус бой көтермек. Жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Инфрақұрылымды дамытумен қатар, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасамақпыз. Оқушыларды мектептегі орынмен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға қосымша білім алып, шығармашылықпен, спортпен айналысуға мүмкіндік беруіміз керек», – деді Құрасбек Сәдібеков.

Осы бағытта Көкжиек шағын ауданында Инновациялық шығармашылық орталығын салу үшін ауданы 1,26 гектар жер учаскесі белгіленді. Бастапқыда нысанды Айнабұлақ-2 шағын ауданында орналастырмақ болған. Алайда жер учаскесі су қорғау аймағында орналасқандықтан жоба басқа жерге көшірілді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Damu Bala» бағдарламасы аясында да шығармашылық пен спортпен айналысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Ауданда қазір 78 ұйымның базасында ұйымдастырылған үйірме мен секцияларға шамамен 5 мың бала қатысады.

Кітапхана инфрақұрылымын да қоса дамытып жатыр. «Оқитын ұлт» жобасы аясында Көкжиек шағын ауданында жаңа кітапхана ашылды. Тағы бір оқу кеңістігі «Әдем» сауда үйінде жұмысын бастады. Ол жақын маңдағы тұрғындар мен осы аумақта еңбек ететіндерге қолжетімді.

«Біз білім беру мен мәдени кеңістік ауданның әр бөлігінде қолжетімді болғанын қалаймыз. Мұндай жоба балалар мен ересектердің білім алуына, демалып, бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді», – дейді.

Бұқаралық спортты дамыту мен ұлттық спорт түрін дәріптеуге де ерекше назар аударыла бастады. Алматының Спорт басқармасымен бірлесіп, қала күніне орай Жетісу ауданында «Ұлы дала ойындары» ұйымдастырылды. Іс-шараға 5 мыңнан астам тұрғын мен қала қонағы қатысты.
 

Бөлісу: