Live
Алматы әкімі «Гүлдер» саябағы мен Тұңғыш Президент саябағындағы көркейту жұмыстарын тексерді
22 Қазан, 2026
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы қоғамдық кеңістіктерді аралап, көркейту және көгалдандыру жұмыстарының барысын бағалады.
«Гүлдер» саябағында әкім аумақты көгалдандыру жұмыстарымен танысып, сәндік ағаштарды егуге қатысты. Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеу аясында демалыс орындары мен оған іргелес аумақтар да жаңартылып жатыр.
Жоба аясында әртүрлі 14 мыңнан астам ағаш, бұта мен гүл егілді. Олардың қатарында Қытайдан әкелінген жаңа сұрыптар да бар. Барлық өсімдік Алматының климаттық жағдайына бейімделген. Көгалдандыру жұмыстарын бюджет қаражатын тартпай, жеке компаниялар қаржыландырып отыр.
Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын тексерді. Мұнда серуен жолдарын, субұрқақтарды, спорт және балалар ойын алаңдарын жаңарту, сондай-ақ жаңа демалыс орындарын көркейту жоспарланған.
Аралау қорытындысы бойынша әкім жұмыстардың сапасын қадағалауды және егілген өсімдіктерге тиісті күтім жасауды тапсырды.