Алматы әкімі қонақ үй саласы мен аудандар инфрақұрылымын дамытуды талқылады

20 Қазан, 2026

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды кеңейтілген аппараттық кеңес өткізіп, қонақ үй саласын дамыту және қала аудандарындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жайын қарады.

Туризмді дамыту – қала экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Бүгінде Алматыдағы қонақ үйлерде 14 077 нөмір бар. Бұл көрсеткіш Ереван, Баку және Ташкентпен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Биыл 27 орналастыру нысаны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 580 нөмірге арналған 7 қонақ үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта қалада қонақ үй инфрақұрылымы саласында 91 жоба қолға алынды. Оның ішінде 14-і – бес жұлдызды қонақ үй. Қонақ үй желісін кеңейту туризм мен қала экономикасының дамуына серпін береді. Тиісті басқармаларға инвесторлардың мәселесін жедел шешіп, жобалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсету тапсырылды.

Сондай-ақ, кеңесте қала аудандарының инженерлік инфрақұрылымын дамыту жайы қаралды. Дархан Сатыбалды апаттық жағдайды жою барысында қазылған барлық учаскелерді қазан айының соңына дейін қалпына келтіруді жүктеді.

Бөлісу: