Live
Алматы әкімі ROX Living Global өкілдерімен Almaty Downtown жобасын талқылады
14 Қазан, 2026
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Вьетнамның ROX Living Global компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар инвестордың Almaty Downtown жаңа іскерлік ауданын дамытуға қатысу мәселесін талқылады.
Компания тұрғын үйлерді, кеңселерді, дүкендерді, білім беру және медициналық мекемелерді, спорт нысандары мен қоғамдық кеңістіктерді біріктіретін көпфункционалды кешеннің тұжырымдамасын таныстырды. Сондай-ақ аумақты көгалдандыру, көркейту және жүргінші аймақтарын ұйымдастыру көзделген.
Дархан Сатыбалды Алматының жаңа іскерлік орталықтар қалыптастыруды көздейтін полиорталық даму үлгісі бойынша дамып жатқанын атап өтті. Ол компанияның бастамасын қолдап, әкімдік жобаға жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Қала әкімінің айтуынша, жобаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне мүмкіндігінше тезірек көшу маңызды.
1996 жылы құрылған ROX Group компаниясы жылжымайтын мүлік, қаржы, энергетика және қонақ үй бизнесі салаларында жұмыс істейді. Топтың инвестициялық портфелінде әлемнің 12 еліндегі 100-ден астам жоба бар.