Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру жөнінде кеңес өткізді

29 Қазан, 2026

Жиында инфрақұрылым нысандарының құрылысы, цифрландыру, бизнесті қолдау және жұмыс орындарын ашу жайы талқыланды.

Биыл Инфрақұрылымды дамыту қоры Алматыдағы жалпы құны 238 млрд теңге болатын 14 жобаға қолдау көрсетті. Олардың қатарында метро желісін «Барлық» базарына дейін ұзарту, медициналық мекемелер салу, коллекторлар мен «Ақсай» су алу нысанын салу, сондай-ақ Алматы тау кластерінің инженерлік инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Дархан Сатыбалды әрбір жобаны жеке бақылауға алып, құрылыс мерзімінің сақталуын, жұмыстың сапасы мен құнын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру, су шығынын азайту және қаланың дамуын жоспарлау үшін цифрлық шешімдерді пайдалану қажеттігіне тоқталды.

Кеңес соңында басқармалар мен аудан әкімдеріне үш күн ішінде Жолдауды іске асыру жоспарына ұсыныстар енгізу тапсырылды. Жауапты орындаушылар, іске асыру мерзімі мен алдағы нәтижелер бірыңғай құжатта бекітіледі.

Бөлісу: