Live
Алматыдағы сайлау учаскелерінде отбасылық көңіл-күй: балаларға арналған бояу суреттері, аттракциондар мен қуыршақ қойылымдары ұйымдастырылды
15 Наурыз, 2026
Республикалық референдум күні Алматының кейбір учаскелерінде балаларымен келген отбасылар үшін ерекше достық әрі жайлы атмосфера қалыптастырылды. Кішкентай қонақтар үшін түрлі ойын-сауық бағдарламалары әзірленіп, шағын аттракциондар мен қуыршақ қойылымдары ұсынылды.
Мысалы, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында орналасқан №111 учаскеде де болашақ дауыс берушілер үшін шығармашылық аймақ жасалған.
«Дауыс беру үдерісі тек ересектерге ғана емес, Алмалы ауданының ең кішкентай тұрғындарына да жайлы болуы үшін біз үлкен қызықты бояу суретін орнаттық. Ата-аналар республикалық референдумда өз азаматтық міндетін орындап жатқанда, балалар арнайы аймақта шығармашылық қабілетін көрсете алады», – деді комиссия мүшелері.
Ойын-сауық бағдарламасы Медеу ауданында да ұйымдастырылды. Мұнда №361 учаскеде тұрғындарға танымал балалар кейіпкерлері бейнесіндегі ұзын бойлы қуыршақтар қатысқан шағын қойылым ұсынылды.
Кейіпкерлер учаскенің кіреберісінде кішкентай қонақтарды жылы қарсы алып, олармен естелік суретке түсті. Балалар шағын қойылымды тамашалап, театр артистерінің интерактивті бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды: жас көрермендер қуана қол соғып, кейіпкерлермен бірге ойнады.
«Біз тұрғындар үшін жайлы атмосфера қалыптастыруға тырыстық. Ата-аналар учаскеде болған кезде балалар қойылымды тамашалап, уақыттарын қызықты өткізе алады», – деді комиссия өкілдері.
Наурызбай ауданындағы кейбір учаскелер жанында динозавр пішініндегі шағын карусельдер орнатылып, балалар ересектер дауыс беріп жатқанда көңілді уақыт өткізе алды. Аттракциондар бағасы символикалық деңгейде болғандықтан, отбасылар демалысты қызықты әрі қолжетімді өткізді.
«Бүгін учаскелерде осындай ашық әрі отбасылық атмосфера қалыптасқаны қуантады. Біз сияқты көптеген ата-ана балаларымен бірге келіп, оларға бұл күннің маңызын кішкентайынан түсіндіріп жатыр», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны.
Балаларымен бірге келген көптеген қала тұрғыны мұндай бастаманы жоғары бағалады. Олардың айтуынша, қойылымдар мен шағын ойын-сауық бағдарламалары балалардың уақытын қызықты өткізуіне мүмкіндік беріп, учаскелердегі атмосфераны барлық буын өкілдері үшін жандандырып, мерекелік сипатқа бөледі.