Live
Референдум түрлі буын мен мамандық өкілдерін біріктіреді — әнші Мақпал Жүнісова
15 Наурыз, 2026
Бүгін таңертеңнен бастап Алматыдағы №383 референдум учаскесінде ел үшін маңызды оқиғаға қатысқысы келген тұрғындардың белсенділігі байқалды. Өз таңдауын жасағандардың қатарында танымал қазақстандық әнші Мақпал Жүнісова да болды.
Мақпал Жүнісованың пікірінше, референдумға қатысу — азаматтық жауапкершілікті танытып, ел болашағына деген жанашырлықты білдірудің бір жолы.
«Мен үшін Қазақстан тағдырына қатысты маңызды шешімдерге қатысу өте маңызды. Дауыс беру — өз ұстанымыңды білдіріп, елдің болашағына деген жауапкершілігіңді көрсету», — деді Қазақстанның халық әртісі.
Ол сондай-ақ референдум секілді маңызды оқиғалар түрлі буын мен мамандық иелерін біріктіріп, қоғамның кемелдігін және азаматтардың белсенді ұстанымын көрсететінін атап өтті.
«Әрбір дауыс маңызды. Референдумға қатысу — ел өміріндегі маңызды өзгерістерге бейжай қарамай, мемлекетіміздің дамуына ықпал етуге дайын екенімізді көрсетудің мүмкіндігі», — деп қосты Мақпал Жүнісова.