Live
Алматылық тұтынушыларға шамамен 285 млн теңге қайтарылды
30 Маусым, 2025

Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2025 жылдың басынан бері 1858 азаматтық шағымды қараған. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев осылай деді.
Соның арқасында тұтынушыларға 284 892 085 теңге қайтарылды. Жоспардан тыс 15 тексеру жүргізіліп, 55 әкімшілік айыппұл салынған.
Нұрлан Әбдиевтің айтуынша, тауарды айырбастап бермеу мен қайтарудан бас тартуға қатысты, сонымен бірге 10 күндік мерзімде шағымына жауап ала алмағандарға байланысты өте көп шағым түскен. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердегі үстеме бағаны бұзу жағы да көп кездесіпті.
Бөлшек сауда мен электронды саудадан ең көп шағым түскен. Тұрғын үй шаруашылығы саласындағы шағымдар бойынша Департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мәселені жылдам шешудың жолын ұсынды.
Тұрмыстық қызметтер саласында тұтынушылар сапасыз қызметке жиі тап болады. Мұндай кезде департамент түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сотқа дейін шағым жазуға көмектесіп, сотқа үшінші тұлға болып қатысады.
Спикер сондай-ақ 2025 жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Бұлар Департаменттің өкілетін кеңейтті. Қазіргі уақытта мемлекеттік орган Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 157, 190, 193 бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша істерді қарастырып жатыр. 190-баптың 5-ші бөліміне сәйкес, тұтынушылардың құқықтары туралы ақпараттың болмауы, шағымдарға кеш жауап беру, ақшаның уақтылы қайтарылмауы сияқты заңсыздықтарға салынатын айыппұл мөлшері: шағын бизнестегілерге – 10 АЕК, орта бизнестегілерге – 15 АЕК, ірі бизнеске – 25 АЕК.
«Бұған дейін Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 157, 190-баптың 1-бөлігі мен 193-баптың 4-бөлігі Департаменттің құзыретіне кірмеген. 190-баптың 5-бөлігіне, 204-4-бапқа да өзгеріс енгізіліп, бұрын ескертумен шектеліп келген әкімшілік жаза бойынша енді айыппұл да салына бастайтын болды», – деп атап өтті спикер.
Департаменттің негізгі жұмысының бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын түзу кезінде делдалдықпен күресу. Осы тоқсанда комиссияның 12 отырысы өтіп, 268 заңсыздық анықталып, 235 хаттама толтырылыпты.
Департамент азаматтарға тұтынушылардың құқығын, заңнамадағы өзгерістер мен сатушылардың міндетін түсіндіруді жалғастыра бермек.