Live
Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау жағы жаңаша қарқын алды: инвестициялар мен жаңа жұмыс орындары
30 Маусым, 2025
Алматыдағы шағын және орта бизнес қала экономикасын алға сүйрейтін үлкен күш. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Алишер Сатыбалдиев кәсіпкерлікті дамытуға, инвестициялар тарту мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бастамалар мен жобалар жөнінде айтып берді.
2025 жылдың 1 маусымындағы мәліметтерге сәйкес, Алматыда шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОБ) жұмыс істеп тұрған нысандарының саны 382,7 мыңға жеткен, бұл былтырғымен салыстырғанда 8,9%-ға артық. ШОБ қала экономикасының 57,5%-ын қамтиды. 2024 жылы шағын және орта кәсіпорындарының өндірген өнімі 24,9 трлн теңгені құрап, 13,9%-ға өскен.
2025 жылы бизнесті субсидиялау мен қолдау үшін 70 миллиард теңге бөлінді, оның 52,8 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, 17,2 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Осы қаражаттың есебінен 61,3 млрд теңге сомасындағы 440 жоба қолдау тауыпты.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау – негізгі бағдарламаның бірі. Алматыда әлеуметтік кәсіпорындар тізіліміне енгізу бағдарламасы жұмыс істейді, бұл кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейінгі грант пен жеңілдік ұсынады, сондай-ақ салық мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға дейін төмендейді. 2022 жылдан бастап тізімге 141 әлеуметтік кәсіпорын енген, олар әлеуметтік осал топтарға арнап тауар өндіріп, қызмет көрсетіп, осы топтағыларды жұмысқа алады.
Алматыдағы негізгі капиталға тартылған инвестиция 2025 жылдың бес айында 714,4 млрд теңгеге жеткен, бұл былтырғымен салыстырғанда 28,2%-ға артық. Инвестицияның өсуіне жеке инвестициялар да үлкен үлес қосты, олар 7,9%-ға артып, қазір 557,5 млрд теңгеге жетіп отыр.
Алишер Сатыбалдиевтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, оның ішінде қаланың индустриалды аймағына ерекше көңіл бөлінген. 2025 жылға 268,1 млрд теңге сомасына 14 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған, соның арқасында шамамен 10 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Индустриалды аймақта қазірдің өзінде 118 компания жұмыс істеп, 557,6 млрд теңге инвестиция салып, 16 мың жұмыс орны құрылыпты.
Биыл шағын индустриалды парктердің құрылысы да жалғасып жатыр. Онда 2025-2027 жылдар аралығында 245 ШОБ нысаны орналасады, бұл қосымша 4,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.
Алматы креативті индустрияларды да дамытып жатыр. Олар қаланың 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасында экономиканы әртараптандырудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген. Осы бағыт аясында 2024 жылы «Маркова 44» креативті хабы ашылды, ол қазір подкаст-лейблдерден бастап тәуелсіз театрларға дейін 14 резиденттің үйіне айналды. 2024 жылы хабта 170-ке жуық іс-шара өткізілген, оның арасында дәрістер, кино көрсетілімдері мен шеберлік сыныптары да болды.
Алматыда креативті кеңістіктерге деген сұраныс арта түсіп, биыл креативті кәсіпкерлерге арнап жаңадан жеңілдетілген жалға алу механизмін енгізуді жоспарлап отырмыз, деп атап өтті Алишер Сатыбалдиев.