Live
Алматыда ең үздік журналистерді марапаттады
30 Маусым, 2025
27 маусым күні Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі БАҚ қызметкерлері күніне орай өткен журналистер арасындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттады
Байқауға 46 адам қатысып, қазақ және орыс тілінде 153 материал ұсынған. Олар «Ең үздік телесюжет» пен «Фоторепортаждан» «Жарналист сарапшы», «Әлеуметтік желідегі үздік материал» дейтін 20 номинация бойынша өзара бақ сынасты. Байқауға қатысқан материалдарға қазақстандық журналистиканың мэтрлары баға беріп, төрелік жасады. Олар – комиссия төрағасы, ҚР құрметті журналисі, тарих ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-нің профессоры Сағымбай Қозыбаев, Deutsche Allgemeine Zeitung газетінің бас редакторы, ҚХА журналистер клубының төрағасы Олеся Клименко, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Ильзат Ақчурин, Мәслихат депутаты Қарашаш Жүзеева, Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайыржан Әбдіхалықов сияқты елге белгілі адамдар. Олар үздіктерін анықтау үшін әр материалға сын көзімен қарап, сүзгіден өткізіп шықты. Марапаттау рәсімінің алдында қазылар алқасының төрағасы Сағымбай Қозыбаев сөз алып, былай деді:
«Құрметті БАҚ өкілдері! Сіздердің осы іске ықыласпен беріліп, адал еңбек етіп, не нәрсені болсын ашық жазғандарыңыз қандай марапатқа болсын лайық деп білемін. Еңбектеріңіз елене берсін осылай, әрқашан сөздеріңіз өтімді, қаламдарыңыз қарымды болсын!». Елдің бәрі асыға күткен ең соңғы сәт те келіп жетті. Бәрі қошамет көрсетіп, жеңімпаздар мінберге қарай бет алды. Сонымен, «Егемен Қазақстанның» журналисі Арман Октябрь «Ең үздік журналист сарапшы» номинациясын жеңіп алып, Jibek Joly телеарнасының журналисі Айман Қаймулдина «Жаңалықтағы ең үздік мақаланың» авторы деп танылды. Биылғы жылдың ең үздік шолушысы деген атаққа Kursiv.media-ның журналисі Дмитрий Кривицкий ие болды.
Бұл байқау Алматының дамуы туралы жазған ең үздік материалды анықтап қана қоймай, Алматының журналистер қауымдастығын біріктіретін, оларды шабыттандыратын іс-шараға да айналды. Жеңімпаздарға осы жолы грамоталар мен ақшалай сыйлық берілді.