Live
Алматының Наурызбай ауданында жыл басынан бері 65 км электр желісі жөнделді
28 Қараша, 2023

Бұл шаралар тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге және апат салдарынан болатын электрдің өшуін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлады ӨҚҚ брифингінде Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева.
«Шұғыла, Ақжар, Таусамалы, Құрамыс, Рахат, Қарағайлы және Қалқаман шағын аудандарының аумағында электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту шеңберінде 65 км электр желісі мен 39 трансформаторлық қосалқы станциялар ауыстырылды және жөнделді», - деді Н. Тоғызбаева.
Аудан аумағы 98%-ға сыртқы жарықтандыру желілерімен жабдықталған. Ағымдағы жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 43 км 59 көшеде сыртқы жарықтандыру құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерде, балалар ойын алаңдарында және жаяу жүргіншілер аймақтарында 400-ден астам жарықтандыру тіректері орнатылды.
Аудан әкімі өз сөзінде тұрғындардан аудан аумағында көше жарығының жоқтығына көптеген шағымдар келіп түсетінін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Алматы Қала Жарық» АҚ күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге 325 млн теңге бөлінді.