Live
Әуезов ауданында 30 мың шаршы метр жол жөнделіп, мыңнан астам камера орнатылып, 34,5 шақырым арық салынбақ
3 Шілде, 2025

Әуезов ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен қауіпсіздік деңгейін арттыруды көздейтін жұмыс жалғасып жатыр. Бұл тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, көлік қатынасының қолжетімділігін жақсартып, көшедегі тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
2023 жылы аудан аумағында жалпы ұзындығы 12,2 шақырым болатын 16 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жобаға 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген. 2025 жылы жөндеу жұмыстары жалғасады: ұзындығы 8,27 шақырым болатын тағы 15 көшеде жол жамылғысы жаңартылмақ. Оған 1,4 млрд теңге бөлініпті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев осылай деді.
2024 жылы 27 мың шаршы метр жол жабындысы қалпына келтіріліп, 45 жерде 17 мың шаршы метр техникалық тротуар салынып, 4,4 шақырым арық желісі тартылып, 200 люк ауыстырылды. 2025 жылы да жұмыс қызады: 30 мың шаршы метр жол жөнделіп, 16 мың шаршы метр техникалық тротуар салынбақ, 34,5 шақырым арық желісі құрылып, дыбыс деңгейін төмендетіп, жол төсемінің беріктігін арттыратын 200 "қалқымалы" люк орнатылады.
2025 жылдың мамыр айында бес жерүсті жаяу жүргіншілер өткеліне күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жоба адамдардың арлы-берлі қатынауын қауіпсіз өту үшін қолға алынып отыр. Жөндеу жұмысының жалпы құны — 644 млн теңге.
Қоғамдық көлік сапасын жақсартуға да үлкен көңіл бөлінген. 2024 жылы автобус паркі айтарлықтай кеңейтіліп, көлік саны 1 325-тен 1 563 бірлікке дейін артты. Бұл 8 жаңа бағыт ашуға, жұмыс істеп тұрған 13бағытты жаңартып, күшейтуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде көлік қатынасының тұрақтылығы мен қолжетімділігі едәуір жақсарды.
Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да көп жұмыс істеліп жатыр. 2024 жылы аудан аумағында 153 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені мен 1 027 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл жолдағы жағдайды бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтың санын азайтуға, оқыс оқиға кезінде жедел қимылдауға жәрдемдеспек.
Осылайша, Әуезов ауданы қалалық ортаны кешенді жаңарту бағытында сенімді түрде алға басып келеді. Көлік және инженерлік инфрақұрылымның, қауіпсіздік жүйелерінің, сондай-ақ қоғамдық көліктің қарқынды дамуы қалалық өмір сапасын мүлде жаңа деңгейге көтермек.