Алматы стенді қойылған Токиодағы көрмені 180 мыңға жуық адам тамашалады

1 Қазан, 2026

Алматының туристік мүмкіндіктері Токиодағы Tokyo Big Sight алаңында өткен Tourism EXPO Japan 2026 халықаралық көрмесінде таныстырылды. Биыл көрмеге 74 ел мен Жапонияның 46 өңірінен 1 420 экспонент қатысты. Төрт күн ішінде көрмені 180 мыңға жуық адам тамашалады. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері айтты.

Visit Almaty стенді Орталық Азия аймағында жұмыс істеді. Көрме аясында жапон туристік индустриясының өкілдеріне арналған Almaty Tourism Day in Japan жеке іс-шарасы да өтті.

Қонақтарға Алматының туристік бағыттары, қалалық инфрақұрылымы және сапарды жоспарлау мүмкіндіктері таныстырылды. Қазақстандық туроператорлар Алматы мен еліміздің басқа да өңірлеріне саяхат бағыттарын ұсынып, жапондық туристік компаниялармен бірқатар іскерлік кездесу өткізді.

Алматы өкілдері 150-ден астам іскерлік кездесу өткізді. Келіссөздер Mitsubishi Corporation, H.I.S., Japan National Tourism Organization (JNTO), Visit Seoul, Мадагаскардың Туризм министрлігі, сондай-ақ жапондық телеарналар мен медиакомпаниялардың өкілдерімен өтті.

Кездесулер барысында Алматыны жапон нарығында ілгерілету, туроператорлармен серіктестікті кеңейту, жаңа туристік өнімдер әзірлеу және қала туралы ақпараттық жұмысты күшейту жайы талқыланды.

Алматының жыл бойы саяхаттауға қолайлы бағыт ретіндегі мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Жапондық серіктестерге қаланың тау мен табиғи аумаққа жақын орналасуы, гастрономиялық ерекшеліктері, мәдени нысандары және іскерлік іс-шаралар өткізуге арналған мүмкіндіктері таныстырылды.

Іскерлік бағдарлама қорытындысы бойынша жапондық серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар ақпарат пен тәжірибе алмасуды, кәсіби байланысты дамытуды және туризм саласындағы бірлескен жобаларды пысықтауды көздейді.

Бөлісу: