Live
Алматыда сүт безі обырын емдеудің жаңа әдісін қолдана бастады
1 Қазан, 2026
Жаңа хирургиялық әдіс сүт безі обыры кезінде ағзаны сақтап қалып, сонымен бірге қажетті емдеу көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы онкологиялық орталығының дәрігер-онкологы, маммологы, онкохирургы Қайсар Нақыпбеков ауруды хирургиялық жолмен емдеудің осы жаңа тәсілі туралы кеңірек айтып берді.
Маманның айтуынша, хирургиялық жол сүт безі обырын емдеудің негізгі әдісінің бірі болып қала береді. Алайда бүгінде операция кешенді емдеудің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Емдеу тактикасын мультидисциплинарлық команда аурудың сатысы мен пациенттің жеке ерекшеліктерін ескере отырып анықтайды. Операциядан бөлек, көрсетілімдерге байланысты химиотерапия, сәулелік, гормондық және таргеттік терапия да қолданылады.
Аурудың бастапқы сатысында негізгі тәсілдің бірі – ағзаны сақтайтын операция. Бұл кезде ісік алынып, сүт безінің негізгі бөлігі сақталады, одан кейін сәулелік терапия жүргізіледі. Сондай-ақ күзетші лимфа түйінінің биопсиясы жасалуы мүмкін. Бұл әдіс аймақтық лимфа түйіндерінің жағдайын бағалауға мүмкіндік береіп, көп жағдайда үлкен операциядан бас тартуға жағдай жасайды.
Мастэктомия, яғни сүт безін толық алып тастау, ағзаны сақтайтын операция жасау мүмкін болмаған немесе оған тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жүргізіледі. Маман олардың қатарында ісіктің мультицентрлік өсуін, сүт безінің көлеміне шаққанда ісіктің үлкен болуын, обырдың қабынулық түрін, сондай-ақ кейбір генетикалық мутацияларды атады. Жекелеген жағдайларда операция түрін таңдау пациенттің өз қалауына да байланысты болуы мүмкін.
«Замандық хирургияның жеке бір бағыты – реконструктивті және онкопластикалық операциялар. Олар хирургиялық емнен кейін сүт безінің пішінін қалпына келтіруге немесе ісікті алып тастау кезінде оның пішінін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Реконструкция бір мезетте немесе кейінірек жасалуы мүмкін. Бұл ретте ол кейінгі ісікке қарсы емді кешіктірмеуі тиіс», – дейді дәрігер.
Лимфа түйіндері зақымданған жағдайда да барынша ұқыпты тәсіл қолданылады. Атап айтқанда, белгілі бір клиникалық жағдайда күзетші лимфа түйінінің биопсиясы толық лимфодиссекциядан бас тартуға мүмкіндік береді. Ұсынылған клиникалық ұсынымдарға сәйкес, күзетші лимфа түйінінде тек микрометастаз болған жағдайда лимфодиссекция жасалмауы мүмкін.
«Сүт безі обырына жасалатын жаңа хирургия барынша ұқыпты әрі жекелендірілген сипатқа ие болды. Негізгі мақсат – ісікті толық алып тастап, сонымен бірге пациенттің өмір сапасын барынша сақтау», – деді Қайсар Нақыпбеков.
Маман хирургиялық емдеу әдісін таңдау әр пациентке жеке жүргізілетінін атап өтті. Ол аурудың сатысына, ісіктің ерекшеліктеріне, лимфа түйіндерінің жағдайы мен бұған дейін жүргізілген емге организмнің жауабына байланысты. Дәрігердің айтуынша, ең тиімді емдеу тактикасы мультидисциплинарлық команданың қатысуымен анықталады.