Live
Алматы онкологтары сүт безі обырының қауіп тұсын айтты
1 Қазан, 2026
Алматыда сүт безі обырының алдын алып, оны ерте анықтауға арналған «Қызғылт қазан» айлығы басталды. Алматы онкологиялық орталығының дәрігерлері Өңірлік коммуникациялар қызметінде скринингті кейінге қалдырмау керектігін, ем аяқталғаннан кейінгі бақылаудың қалай жүргізілетінін, қандай факторға ерекше назар аудару қажеттігін айтып берді.
Сүт безінің қатерлі ісігі Алматыда қатерлі ісік ауруының арасында бірінші орында тұр. Қазір диспансерлік есепте 9 520 пациент бар. 2026 жылдың сегіз айында қалада ауырған тағы осындай 659 адам алғаш рет анықталыпты.
Статистика алғаш рет есепке алынған әйелдер санының артқанын көрсетеді: 2024 жылы олардың саны 754 болса, былтыр 855-ке жеткен. Яғни, бір жыл ішінде 101 науқасқа артып отыр. Алматы онкологиялық орталығының дәрігер-онкологы, маммологы, онколог-хирургі Қайсар Нақыпбеков ауруды анықтау көрсеткішінің өсіп, скрининг жағы дамып, әйелдер де өз денсаулығына жауапты бола түскендіктен науқас саны да артқанын айтады.
«Бұл бір жағынан аурудың әлі де кең таралғанын көрсетсе, екінші жағынан, скринингтің дамуы мен әйелдер өз денсаулығына жақсы қарай бастағандықтан ауруды анықтау деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді. Сондықтан қазір ерте диагностикаға көп көңіл бөлу керек», – дейді спикер.
Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. 40-тан 76 жасқа дейінгі әйелдер аурудың белгісі болмаса да, екі жылда бір рет маммографиялық скринингтен өтеді.
Маммография жаппай скрининг жүргізудің негізгі әдісі болып қала береді. Зерттеуден кейін күмәнді өзгеріс анықталса, дәрігер қосымша УДЗ, нысаналы маммография немесе биопсия тағайындауы мүмкін. МРТ арнаулы көрсетілім бойынша, атап айтқанда, ауру қаупі жоғары әйелдерге жүргізіледі. Алайда ол жаппай скрининг кезінде маммографияны алмастырмайды.
«Скринингтің негізгі әдісі – маммография. Ол сүт безіндегі шағын ісік пен басқа да өзгерісті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Күмәнді өзгеріс байқалған жағдайда дәрігер қосымша УДЗ, нысаналы маммография, ал қажет болған жағдайда биопсия тағайындайды», – дейді онкологиялық орталықтың консультациялық-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Ақбота Әділова.
Дәрігерлер кезекті скринингті күтпей, егер сүт безінде түйін немесе тығыздалу, емізіктен бөлінді шығу, терінің ішке тартылуы немесе басқа да өзгеріс байқалса, маманға жүгініп, тексеруден өту қажет екенін айтады.
Баспасөз конференциясында ем алып біткен әйелдерге де ерекше назар аударылды. Емнен кейін пациенттерді бақылау жағы жалғаса береді: бірінші жылы бақылау қабылдауы әр үш ай сайын, екінші жылы – әр алты ай сайын, кейінгі үш жыл ішінде жылына бір рет жүргізіледі.
Қабылдау кезінде дәрігер операция жасалған аймақтың жағдайын, аймақтық лимфа түйінін, емнің ықтимал салдары мен науқастың жалпы жағдайын бағалайды.
«Кейінгі бақылау тек аурудың қайта пайда болуын іздеумен шектелмейді. Дәрігер сонымен қатар хирургиялық, химиотерапиялық және сәулелік емнің салдарын, гормондық немесе басқа да тағайындалған жүйелі терапияның көтерімділігі мен пациенттің күйін бағалайды», – деді онкологиялық орталықтың онколог-маммолог дәрігері Балзия Қалымбетова.
Мастэктомиядан кейінгі оңалту бағдарламасына емдік дене шынықтыру, иық буынының қозғалысын біртіндеп қалпына келтіру, лимфедеманың алдын алу мен оны емдеу, психологиялық қолдау, физикалық төзімділікті қалпына келтіру мен күнделікті өмірге қайта оралу шаралары кіреді.
Медициналық оңалтудың екінші кезеңі функционалдық бұзылыстың деңгейіне байланысты әдетте 7-ден 14 күнге дейін созылады. Операциядан кейін дене симметриясын қалпына келтіру үшін сүт безінің сыртқы протезі қолданылуы мүмкін.
Алматы онкологиялық орталығының мамандандырылған консультациялық-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Ақерке Оразбаева сүт безі обырының қауіп факторлары туралы айтып берді.
Олардың қатарында жас ерекшелігі, тұқым қуалаушылық, гормондық және репродуктивтік ерекшеліктер, артық салмақ, төмен физикалық белсенділік, ішімдік уші мен темекі тарту бар. Қосымша қауіп факторларына сүт безі тінінің тығыздығы, сүт безінің бұрынғы аурулары мен жас кезде иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшырау да жатады.
«Тұқым қуалаушылықтың маңызы зор, әсіресе жақын туыстарында сүт безі обыры болған жағдайда. Тұқым қуалайтын мутациялардың ішінде BRCA1, BRCA2 және PALB2 гендеріндегі өзгерістер жақсы зерттелген және олар ауру қаупін айтарлықтай арттырады», – деп атап өтті Ақерке Оразбаева.
Сонымен бірге, бір ғана қауіп факторының болуы әйел міндетті түрде ауырады дегенді білдірмейді. Дәрігерлер уақтылы скринингтен өту мен кез келген өзгеріс байқалған жағдайда маманға жүгіну ауруды ерте анықтауға сеп болатынын айтады. Бұл кезде ем неғұрлым тиімді болуы мүмкін.