Live
Алматыдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келетіндердің саны еселеп өсті
24 Қыркүйек, 2026
2026 жылғы шілдеге дейін Алматының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 10,8 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде орталықтың директоры Сәуле Бекетаева осы орталықтың жұмысы, бағдарламасы мен егде жастағыларға арналған жаңа мүмкіндігі туралы толығырақ айтып берді.
Орталықтың мәліметінше, 2022 жылы тіркелген қатысушылар саны 833 адамды құраса, биылғы шілдеге қарай бұл көрсеткіш 10 806 адамға жеткен. Бөлімшелерге күн сайын орта есеппен 700-800 адам келеді. Орталық қазір төрт алаңда: орталық бөлімшеде, Медеу мен Бостандық ауданында, сондай-ақ Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында жұмыс істейді.
«Белсенді ұзақ өмір сүрудің басты міндеті – адамдарға бос уақытын қала өміріне белсене араласа отырып өткізуге көмектесу. Біздің жұмыстың мақсаты да осы», - дейді басшысы.
Орталық медициналық-сауықтыру, психологиялық, білім беру, мәдени, дене шынықтыру, еңбек терапиясы, құқықтық және әлеуметтік бағыт бойынша 70-тен астам қызмет түрін ұсынады. Оның қатарында емдік дене шынықтыру, йога, айкуне, цигун, скандинавиялық жүріс, би, хор, қолөнер, компьютерлік сауаттылық, шет тілін үйрену, сондай-ақ психолог пен дәрігердің кеңесі бар. Алматыда тіркелген зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетеді.
Айтарлықтай өсім көрсеткен бағыттың бірі – «Күміс университеттер» білім беру бағдарламасы. Елдің бес жетекші жоғары оқу орнымен бірлесіп, зейнеткерлер шет тілін, цифрлық сауаттылықты, жасанды интеллектіні, мобилография мен киберқауіпсіздікті меңгереді. Бағдарламаға қатысушылар саны былтырғы 651 адамнан биыл 3 885 адамға дейін жетіпті.
Білім беру бағдарламасынан бөлек, Орталық «Агрокраудсорсинг» пен «Алматы әжелері» жобаларын, есте сақтау қабілетін дамыту, цифрлық және қаржылық сауаттылық, электронды мемлекеттік қызметті пайдалану сабақтарын, шығармашылық бағыт пен салауатты өмір салтын ұстануға арналған бағдарламаларды қоса дамытып келе жатыр.
Жеке бағыттың бірі – «күміс еріктілік». Екі жылдан бері белсенді зейнеткерлер қолөнер үйірмелерін, гитара тарту сабағы мен вокалдық кездесуді өздері ұйымдастырып жүр. Он бес ерікті қызығушылық клубын жүргізеді, олардың жұмысына мыңнан астам адам тартылған. Осылайша, Орталық қатысушылары тек қызмет алушылар ғана емес, сонымен қатар тәлімгерлер, ұйымдастырушылар мен еріктіер ретінде де көзге түсіп жүр.
Тағы бір маңызды жоба – «Алматы әжелері» бағдарламасы. Оның қатысушылары жеті елде Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, түрлі көрсетілім мен халықаралық фестивальдерге қатысты. Олар шетелдік аудиторияға Қазақстанның мәдениетін, ұлттық киімін, дәстүрін таныстырды.
Орталықтың шығармашылық бағыты да қалыпты сабақ аясынан шығып отыр. Қатысушылардың жұмысы қалалық, республикалық және халықаралық көрмеге қойылды. Би ұжымдары мен аспаптық ансамбльдер құрылды, ал екі театр қала театрларының сахнсында қойылым ұсынып келеді. Олардың қатарында «Алжир», «Соғыстың соңғы әні», «Әже» мен басқа да спектакль бар.
«Белсенді өмір сүру үшін денсаулыққа қамқорлық жасау ғана емес, қарым-қатынас, білім алу, шығармашылықпен айналысып, қоғамға қажет екеніңді сезінген дұрыс. Аға буынның белсенді өмір сүруіне жағдай жасай отырып, біз бүгін адамдарға қолдау көрсетіп қана қоймай, ұрпақ арасындағы байланысты да нығайтамыз», - деп толықтырды сөзін спикер.
Осылайша, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы аға буынның белсенді болып қалуына, дамуын жалғастырып, қоғамдағы өз қажеттілігін сезінуіне жағдай жасап отыр.