Live
Алматылық жастар есірткі жарнамасы қарсы күш біріктірді
24 Қыркүйек, 2026
Алматыда «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында есірткі құралдарының заңсыз жарнамасын анықтауға және жоюға бағытталған «Есірткісіз Қазақстан» ауқымды есірткіге қарсы акциясы өтті.
Іс-шараны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы Алматы қаласы Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.
Акцияға 200-ге жуық адам - жас белсенділер, «Әділет жастар одағы» жастар қозғалысының өкілдері, «Esirtkisiz Almaty» профилактикалық фронт-офисінің белсенділері, волонтерлер, жастар комьюнити-орталықтарының резиденттері, полиция қызметкерлері, әкімдік және прокуратура органдарының өкілдері қатысты.
Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, қоғамдық орындарға, аулаларға және қаланың басқа да аумақтарына мониторинг жүргізді. Есірткі құралдарын заңсыз таратуға байланысты интернет-ресурстарға сілтемелері бар жазулар мен граффитилерді анықтауға ерекше назар аударылды.
Акция қорытындысы бойынша есірткі жарнамасы бар 120-дан астам жазу анықталып, боялып жойылды. Сонымен қатар анықталған күмәнді интернет-ресурстар туралы ақпарат одан әрі тексеру және тиісті шаралар қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.
«Мұндай жазулар - қаланың сыртқы келбетін бұзатын жай ғана көрініс емес. Оның артында, әсіресе жастар үшін, нақты қауіп тұр. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамай, жастардың өзін профилактикалық жұмыстарға тарту маңызды. Біздің міндетіміз - мұндай жарнамаларды жоюмен ғана шектелмей, есірткі мен оны таратуға қауіпсіз қалалық ортада орын жоқ екенін нақты түсіндіру», - деді Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Даурен Асқарұлы Көбеев.
Іс-шараның негізгі мақсаты - жастар арасында есірткі қылмысына мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және жас алматылықтарды қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға тарту.
«Біз үшін жастардың сырттан бақылаушы болып қалмай, қаладағы өзекті мәселелерді шешуге тікелей атсалысуы маңызды. Бүгін жастар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге көшелерге шығып, есірткі жарнамасына қарсы күреске өз үлестерін қосты. Осындай акциялар өз ауданы мен қаласының қауіпсіздігіне деген жеке жауапкершілікті қалыптастырады», - деді «Әділет жастар одағы» жастар қозғалысының төрағасы Тұрлан Ерболат.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Алматыда жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 150-ден астам іс-шара өткізілді. Есірткінің таралуына қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөлінуде: «НаркоSTOP» жобасы аясында 110-нан астам іс-шара өткізіліп, 18 мыңнан астам жас қамтылды.
Сондай-ақ жастар белсенділері мен бейінді қызметтердің бірлескен жұмысы нәтижесінде есірткі жарнамасы бар 7,5 мыңға жуық граффити жойылып, 360-тан астам интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жолданды.
Мұндай іс-шаралар жастарды есірткі қылмысының алдын алу жұмыстарына тартуға және қалалық ортаның қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. Алматыда заңсыз есірткі жарнамаларын анықтау және жою жұмыстары жалғасатын болады.