Live
Green Spaces Expo 2026: Алматы жасыл индустрия өкілдерінің пікір алмасу алаңына айналды
24 Қыркүйек, 2026
Алматыда IV Халықаралық Green Spaces Expo 2026 көрмесінің екінші күні өтіп жатыр. Іс-шараға көшет өсіру шаруашылығының өкілдері, ландшафт саласының мамандары, өндірушілер мен көгалдандыру бағытындағы сарапшылар жиналды.
Биыл көрмеге 15-тен астам елдің өкілдері қатысуда. Бір алаңда сала мамандары өсімдіктерді өсірудің заманауи тәсілдерін, абаттандыру мен қалалық аумақтарды көгалдандыру мәселелерін талқылап, жаңа технологиялармен танысып, әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуда.
Көрме кәсіби тәжірибе алмасуға және жасыл индустрия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Қатысушылар жеке бақтарды абаттандырудан бастап, қоғамдық және қалалық кеңістіктерді көгалдандыруға дейін қолдануға болатын өсімдіктерді, арнайы жабдықтарды, технологиялар мен заманауи шешімдерді таныстыруда.
Көрменің бір бөлігі бау-бақша өсіруге қызығушылық танытатын қала тұрғындарына арналған. 24-25 қыркүйек күндері көрме аясында өсімдіктер жәрмеңкесі өтуде. Келушілер ұсынылған өсімдіктер түрлерімен танысып, өз бақшасына қажетті көшеттерді таңдай алады.
Green Spaces Expo 2026 кәсіби қауымдастық өкілдерінің басын қосып, көшет өсіру, ландшафт дизайны және қалаларды көгалдандыру салаларындағы заманауи үрдістерді таныстыруға бағытталған.