«Алматым махаббатым» әні референдум учаскесінің алдында шырқалды: жастар мерекелік перформанс ұйымдастырды

15 Наурыз, 2026

Алматыда республикалық референдум күні №378 учаскенің маңында жастардың қатысуымен перформанс өтті. Іс-шараға жас буын өкілдері мен «Жаңа ғасыр» театрының артистері қатысып, музыкалық қойылым ұсынды.

Өнерпаздар алдымен өздері дауыс беріп, кейін қала тұрғындарына Алматының музыкалық символдарының біріне айналған «Алматым махаббатым» әнін орындады. Танымал әуен көпшіліктің назарын аударып, көрермендер тоқтап, қызыға тамашалады. Жиналған тұрғындар артистерді қол шапалақтап қолдады. 

Өнерпаздар бұл перформанс арқылы туған қалаға деген сүйіспеншіліктерін білдіріп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырысты. Достыққа толы рухта өткен олардың өнері көрермендерді ыстық ықыласқа бөледі. 

Осындай мәдени бастамалар референдум күніне ерекше атмосфера қалыптастырып, көпшіліктің назарын аударып, учаскелер маңында мерекелік көңіл күй тудырды.

Бөлісу: