Live
Жетісу облысында тұрмыстық қалдықты кәдеге жаратып, қайта өңдейтін зауыт салынады
15 Желтоқсан, 2025
Жетісу облысы жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 5%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Соңғы екі жылда өңірде 27 жаңа өндіріс іске қосылып, 7 кәсіпорын кеңейтілді. Барлығы 1 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Текелі және Талдықорған қалаларында газ-турбиналық станциялардың құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы екі жылда өнеркәсіп саласында тағы 30 жобаны іске асыру жоспарда бар. Кербұлақ ауданында құны 1,3 трлн теңге болатын 2 мыңнан астам жұмыс орнын құратын «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» атты ірі жобаның құрылысы басталды. Талдықорғанда тегістегіш болат шар өндіретін «ME-ELECMETAL» зауытының құрылысы жүріп жатыр», – деді спикер.
Келесі жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауытының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл – жеке инвестордың қатысуымен жүзеге асатын бірлескен жоба.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, өңірде жалпы қуаты 251 МВт болатын 18 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Олар өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр.