Live
Алматыда инклюзивті білім беру дамып келеді
4 Қыркүйек, 2025

Алматы қолжетімді әрі тең білім беретін орта қалыптастыруға талпынып жатыр. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттілігі бар жастарға жол ашатын инклюзивті білімге көп көңіл бөліп отыр. Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі мен Алматы технология және флористика колледжінде өткен баспасөз турында журналистер осындай студенттердің сұранысқа ие мамандықты игеріп, кейін бірден тұрақты жұмысқа орналасып кететініне көз жеткізді. Іс-шараны Өңірлік коммуникациялар қызметі мен қалалық Білім басқармасы ұйымдастырды.
Колледждерде әр студенттің ерекшелігіне қарай сапалы білім алуына жағдай жасаған. Оқу орындары серіктестермен бірлесіп, түлектерді жұмыспен қамтуда қолдау көрсетеді. Бұл олардың кәсіби ортаға бейімделуіне жол ашады.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар жастар шығармашылық, интеллектуалдық және көркемдік қабілеттерін дамытып, қоғам өміріне белсенді араласып келеді. Олар 2019 жылдан бастап «Абилимпикс» қозғалысына қатысып, «Тігін өндірісі мен киім үлгілеу», «Мобильді робототехника» мамандықтары бойынша DeafSkills чемпионатында Алматының намысын қорғап жүр.
«Қазір студенттер арнаулы тәсілмен оқиды. Жобалау жүйесін, компьютерлік модельдеуді меңгереді. Жұмыс берушілермен тығыз байланыстамыз, олар студен ттерді тәжірибе жинауға алып, кейін тұрақты жұмыс ұсынады. Түлектеріміз еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Студенттеріміз Шанхайда, Түркияда тәжірибеден өтті, енді Венгрияға бармақ. Ал ұстаздарымыз Еуропа мен Азияда тағылымдамадан өтіп жатыр. Демек, мемлекет тарапынан мұғалімдерге де, студенттерге де барлық
мүмкіндік жасалған», – дейді Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі директорының орынбасары Гүлнара Тоқсабаева.
Колледждерде арнайы даярлықтан өткен сурдопедагогтар жұмыс істейді. Сабақтарды ишарамен (ыммен) де түсіндіреді.
«Студенттер сабақты жақсы игереді. Сурдотіл маманы арқылы барлық тақырыпты тез меңгереді. Біз тақтаға салған сызбалар мен суреттерді олар дәптерге жазып шығады», – дейді оқытушы Ирина Захарова.
2025 жылдың 29 қазанында Алматы технология және флористика колледжінде инклюзивті білім беру ресурстық орталығы мен «Тігінші» құзырет орталығы ашылады. 2023 жылы қала әкімдігі мен Білім басқармасының қолдауымен жабдықталған орталықта «тігінші», «модельер-құрастырушы» мамандықтары бойынша кадрлар даярланады. Шеберханалар жаңа құрал-жабдықпен қамтылып, WorldSkills талаптарына сай жабдықталған.
Орталық «Жас маман» жобасының тәжірибесін енгізіп, WorldSkills, Abilympics және DeafSkills стандарттарын қолданады. Мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, студенттердің кәсіби және кәсіпкерлік дағдысын дамыту.
2022 жылдан бері колледж Deaf made республикалық байқауын ұйымдастырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар жастардың тәжірибе алмасуына жағдай жасап келеді.
Орталықта 235 студент білім алды. Алматының даму бағдарламасы аясында 25 педагог шетелде тағылымдамадан өтті.
«Біз алты бағыт бойынша маман даярлаймыз. Оның төртеуінде ерекше білім беру қажеттілігі бар жастар оқып жүр. Колледжіміздің 930 студентінің 240-ы инклюзивті бағдарламада. 174-і – ерекше білім беру, ал 24-і – инклюзивті топтарда оқиды. Әр топта шамамен 2–3 студенттен бар. Олар екі жыл тегін білім алады, тегін тамақпен қамтылған, ал үлгерімі жақсы болса мемлекеттік шәкіртақы алады», – дейді Алматы технология және флористика колледжінің директоры Анарбек Нұрымбетов.
Инклюзивті білім беру жастарға мамандық игерумен қатар теңдік пен құрмет мәдениетін қалыптастыруға жол ашты. Сондықтан бұл колледждердің түлектері еңбек нарығында да сұранысқа ие. Мәселен, мектеп формасы мен корпоративтік киім тігумен айналысатын Endeavour компаниясы оларды жұмысқа қуана қабылдайды.
«Жас мамандарға жұмыс орындарын ұсынамыз. «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары арқылы түлектерді қабылдап, тұрақты қызметке қалдырамыз. Қазір өндірісте ерекше білім талап ететін қыздар жұмыс істеп жүр. Мысалы, сервис және технология колледжінің түлегі Адина Мұрат бізге жастар тағылымдамасы бойынша жүгініп, қазір тұрақты қызметкеріміз болып қалды. Осында еңбек етіп жүр», – дейді Endeavour компаниясының HR-менеджері Айнұр Смағұлова.