Live
Емханалардың жанында жастардың 14 денсаулық орталығы жұмыс істейді
4 Қыркүйек, 2025

Алматыда 14 медициналық ұйымның жанынан жастар денсаулық орталығы ашылды. Мұнда 10 мен 29 жас аралығындағы қала тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек ала алады. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы осылай деп хабарлады.
Орталықтардың негізгі міндеті – жасөспірімдер мен жастардың дәрігерлер мен психологтардан кеңес алып, жеке және әлеуметтік мәселелерді шешіп, салауатты өмір салты туралы білім алуына мүмкіндік беретін сенімді орта қалыптастыру. Мұнда өтініштердің жария болмауына кепілдік беріледі.
Репродуктивті денсаулыққа, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алуға және отбасыларға психологиялық қолдау көрсетуге баса назар аударылады. Жеке консультациялардан басқа мамандар тренингтер, семинарлар, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.
№36 қалалық емхана жанындағы «Салауатты жастар» орталығы сондай табысты жобаның бірі. Былтыр ғана бұл орталықтың қызметіне шамамен 2,5 мың алматылық жүгінген. Оның базасында құрылған еріктілер клубында Наурызбай ауданының оқушылары топпен жұмыс істеуді, көшбасшылықты және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды үйренеді.
«Бұрын дәрігерге сұрақ қоюға қымсынатынмын. Ал бұл орталықта өзімді еркін сезінемін. Мұндағы мамандардың бәрі ашық-жарқын. Әңгімелесіп, сырласуға да болады. Бұл маған үлкен қолдау береді», – дейді орталыққа келуші жастың бірі.
Айта кетейік, жастар денсаулық орталықтары №4, 5, 7, 11, 12, 16, 23, 26, 29 және 36 қалалық емханаларда, сондай-ақ, Медеу аудандық ҚПМСК-де, «Almaty clinic» медициналық орталығында, ҚАҰӨО мен «Медсервисхирургияда» жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтарға жасөспірімдер мен жастар тіркеуіне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан жүгіне алады.