Live
Алматыда 54 мыңнан астам бейнекамера орнатылды
4 Қыркүйек, 2025

Алматы қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыруда көш бастап, жайлы да қауіпсіз өмір сүру үшін жаңа технологиялар арқылы қала тұрғындарына барынша жағдай жасап жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейрам Дүйсеков осылай деп мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экономика салаларын цифрлық түрлендіруді тапсырған болатын. Осы міндет аясында шаһар әкімдігі біраз жобаны іске асырғалы жатыр.
Алматы елімізде алғаш рет Бірыңғай бейнемониторинг жүйесін енгізді. Қалада қазір 54 мыңнан астам камера орнатылған, оның 2,2 мыңы адамның бет-әлпетін тани алады. Жыл соңына дейін камераның саны 70 мыңға жетпек. Сонымен қатар «Сергек» интеллектуалды жүйесі жол қауіпсіздігін бақылап келеді. Қазір осындай 1 641 кешен жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде жол апаты 20%-ға, адам шығыны 40%-ға азайған.
«Кешенді қауіпсіздік жүйесі де маңызды рөл атқарады. Оның аясында 215 мектеп, 193 балабақша мен 64 медициналық нысанға бейнебақылау орнатылды. Бұл жүйе төтенше жағдай қызметіне автоматты түрде хабар беріп, оқиғаны талдауға мүмкіндік жасайды. Қалада қосымша 32 SOS түймесі орнатылды», – деді спикер.
Цифрлық шешімдер тұрғын үй-коммуналдық салаға да енгізілген. ialma.kz платформасы 40-тан астам қызметті автоматтандырып, қала тұрғындарынан 10 мыңнан астам өтініш қабылдады.
Алматының тәжірибесі – цифрландырудың ыңғайлылық қана емес, сонымен бірге қала өмірінің қауіпсіздігі мен сенімді инфрақұрылымын қалыптастырудың кепілі екенін көрсетіп отыр.