Live
Алматыда ЖИ қалалық міндеттерді шешуге атсалысады
4 Қыркүйек, 2025

Алматы замандық технологияларды енгізуді жалғастырып, жасанды интеллекті қоғамдық қауіпсіздік пен қалалық инфрақұрылымды басқаруда кәдеге жаратып келеді. ЖИ қоғамдық көлікті басқарып, жол жағдайын бақылап, тәртіп бұзушылықты анықтап, өртті ерте байқау сияқты міндеттерді шешуге көмектеседі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейрам Дүйсеков осылай деді.
Қаладағы негізгі жобаның бірі – Ахуалдық орталық. Мұнда машиналық оқыту мен үлкен деректерді талдау әдістері қолданылады. Жүйе жолдағы қозғалысты саралап, көлік ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Open Almaty платформасына түскен өтініштер талданып, тұрғындардың сұранысына сәйкес шешім қабылданады.
Жасанды интеллект бейнемониторинг жүйесінде де іске қосылған. Алгоритмдер адамдардың көп жиналуын, күдікті әрекеттерді, төбелесті, қаруды, өрт пен түтінді анықтайды. Сонымен қатар тәртіп бұзушылықтарды белгілеп, адамдар мен көліктерді сипаттама бойынша іздей алады. Жыл соңына дейін бейнеаналитиканың жаңа модульдері қосылады. Олар рұқсатсыз қоқыс төгілген орындар мен толып кеткен контейнерлерді анықтап, қоғамдық көліктегі бейнеағынды талдайды.
«Жолдардың жағдайына да ерекше назар аударылып отыр. Өткен жылдың қазан айынан бастап ЖИ негізіндегі мониторинг жүйесі іске асырылды. Жол жабыны туралы деректер автобустар мен жедел жәрдем көліктеріне орнатылған бейнетіркегіштер арқылы жиналады», – дейді спикер.
Алматы тәжірибесі көрсеткендей, жасанды интеллект пен цифрландыру – қала өмірінің маңызды бөлігіне айналып келеді.