АЛМАТЫДА LVAD ОРНАТУ ҮШІН ЕКІНШІ РЕТ ОТА ЖАСАЛДЫ

3 Қыркүйек, 2025

Алматы Қалалық кардиологиялық орталығының кардиохирургтары UMC клиникасының мамандарымен бірлесе отырып, сол жақ қарыншаға көмекші аппаратты (LVAD) орнату үшін екінші рет сәтті ота жасады.

Бұл соңғы сатыдағы жүрек жеткіліксіздігі салдарынан науқастың жүрегі істен шыққан кезде қан айдау функциясын қабылдайтын механикалық сорғы.

Бұл жолғы науқас 54 жастағы ер адам болды, ол көп жыл бойы миокард инфарктісінің әсерінен қиналып келген. Стенттеп, дәрі-дәрмекпен емдеп, көмекші құралды қолданғанына қарамастан оның жағдайы оңала қоймай, ентіге берді. Мұндай жағдайда жалғыз жол - жүрек трансплантациясы, бірақ донорлық органдар тапшы болғандықтан ұзақ күтуге тағы уақыт болмады. LVAD имплантациясы осындай пациенттерге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

"Отадан кейін 10 күн өтті. Мен қазір оңалтудан өтіп жатырмын. Маған қазір жүрегімнің жұмыс істеуіне көмектесетін LVAD құрылғысы орнатылды.  Соңғы жылда сегіз рет аурухағана түсіп, ай сайын реанимация жатып, әбден қажып, үмітімді үзген едім әйтпесе. Бірақ өмірге деген құштарлығым күшті болды қай кезде де. Маған қол ұшын берген Қалалық кардиологиялық орталықтың дәрігерлеріне үлкен алғыс айтамын", - дейді науқас.

Алматыда LVAD орнататын операция алғаш рет былтырғы жылдың соңында    Қалалық кардиологиялық орталықта жасалған. Науқас ауыр кардиомиопатиядан зардап шеккен 45 жастағы қала тұрғыны болды. Ауру оған жұмыс істеуге, тіпті еркін қозғалуға мүмкіндік бермеген. Дәрі-дәрмектен пайда болмаған соң дәрігерлер оған осы отаны ұсыныпты.   LVAD орнату қазіргі кардиохирургияда ең күрделі операция болып саналады. Ондай отаны әлемдегі санаулы емханада ғана жасайды. Алматының бұл әдісті игергені науқастарды емдеудегі маңызды қадам болды.

"LVAD қазірдің өзінде ауыр науқастарды қайта қатарға қосып жатыр. Науқас енді ентікпейді, еркін қимылдап, бұрынғыша қалыпты өмір сүре бастайды", - дейді кардиохирургия меңгерушісі Нұржан Мүсірепов.

Қазақстан үшін бұл жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмекті дамытудағы үлкен серпіліс болып отыр.

Бөлісу: