Алматыда электровелосипедті қалай тіркеу керектігін түсіндірді

3 Қыркүйек, 2025

Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының басшысы Айдын Меркімбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде қазіргі үлгідегі электровелосипедтің көбі техникалық тұрғыда мопедке жататынын атап өтті. Айтуынша, қуаты 250 ваттан асатын әрі  сағатына 25 шақырым алатын көлік міндетті түрде тіркелуі тиіс. Ол үшін мемлекеттік нөмір, техникалық құжат пен сақтандыру полисін алу қажет. Сондай-ақ, мұндай көлікті «А» санатындағы жүргізушілер ғана барлар ғана басқара алады.

 

Алматыда соңғы жылдары электровелосипедшілер саны едәуір артқан. Бұл қала тұрғындарына ыңғайлы әрі экологиялық тұрғыда таза көлік болғанымен, оны пайдаланар кезде заң талаптары ескеріле бермейді.

 

Мәселен, жыл басынан бері Алматыда мопедтер 534 рет жол апатына ұшыраған. 10 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 700 көлік айыптұраққа қойылыпты. Электросамокат пен электровелосипедтің иелері  12 мыңға жуық құқықбұзушылық жасаған.

 

«Мақсатымыз осы заманғы көлік түрін шектеу емес, олардың қалалық ортаға қауіпсіз кірігуін қамтамасыз ету. Біз халықтың электровелосипедке құмарлығын түсінеміз, көліктің экологиялық таза түрін енгізуді қолдаймыз. Бірақ бұл заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс», – деді Айдын Меркімбаев.

 

Полиция түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, қажет болған жағдайда әкімшілік шаралар қолданатынын хабарлады.

Бөлісу: