Алматыда «Jas Keñes Siylığı» жастар сыйлығына өтініш қабылдау басталды

4 Шілде, 2025

Жастарға арналған «Jas Keñes Siylığı» сыйлығына 2025 жылғы 20 шілдеге дейін өтінім қабылданады. Байқаудың шарты туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бекқайыров айтып өтті.

«Jas Keñes Siylığı» - назардан тыс қалып қоятын, бірақ қоғамға қажет салаларда еңбек етіп жүрген жас мамандарды қолдауға бағытталған. Бұл сыйлық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр.

«Бұл марапат мемлекеттік наградалармен бәсекелеспейді. Оның басты мақсаты - елеусіз қалып қоятын, бірақ аса қажет мамандықтың маңыздылығын көрсету. Президентіміз айтқан “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” қағидатына нақты дәлел бұл», - деді Нұрсұлтан Бекқайыров.

Баспасөз жиынына Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, медиа-маркетолог Шолпан Айтқожина да қатысты. Оның айтуынша, «Jas Keñes Siylığı» басшылық лауазымда емес, қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас мамандарға арналған.

«Басты мақсат – күнделікті еңбегімен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етіп жүрген, алайда назардан тыс қалып қоятын жас қазақстандықтарды көтермелеу», - деп атап өтті Шолпан Айтқожина.

Биылғы байқау 10 номинация бойынша өтеді:

— «Bılım jäne Ğylym» – мектепке дейінгі, орта, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің педагогтері, сондай-ақ ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілер үшін;

— «Zharyq» – энергетика секторы, атом өнеркәсібі мен мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған;

— «Örken» – агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен азық-түлік өнімін өндіру саласының қызметкерлеріне;

— «Örleu» – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (оның ішінде ЖИ, деректерді талдау мен т.б.) мен креативті индустрия саласының қызметкерлері;

— «Qaisar» және «Janqiarlyq» – ішкі істер органдары мен Қарулы күштердің, апаттық-құтқару қызметінің, өрт сөндірушілер мен азаматтық қорғау ұйымдарының қызметкерлері үшін;

— «Altyn jürek» – орта және кіші медицина қызметкерлері (жедел жәрдем, акушерлер, санитарлар мен т.б.) мен дәрігерлер үшін;

— «Altyn qol» – жұмысшы мамандықтың өкілдері — сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б., сондай-ақ ПИК, МИБ мен елдімекендердің тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда жұмыс істейтіндерге;

— «Bolaşaq turaly qamqorlyq» – инклюзивті оқу орталықтары мен әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың (балалар үйі, хоспис, қарттар үйі, мүгедектерді қолдау орталықтары және т.б.) қызметкерлері мен еріктілер үшін;

— «Önerkäsıp» – өңдеу өнеркәсібі, тау-металлургия кешені мен экономиканың басқа да өндіріс секторларының қызметкерлеріне арналған.

Өтінім қазақ немесе орыс тілінде jaskenes.kz сайтында онлайн қабылданады. Қатысудың талабы: үміткер ҚР азаматы және жасы 35-ке дейін болуы керек.

Жеңімпаз техникалық сараптама, комиссия мүшелерінің жеке қарауы мен үміткерлермен сұхбаттан тұратын үш кезеңдік іріктеуде өтеді. Әр номинация бойынша екі жеңімпаз анықталып,әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталады. Марапаттау рәсімі тамыз айында Астана қаласында өтеді.

Нұрсұлтан Бекқайыровтың айтуынша, байқау барысында ақпараттық қолдау көрсетіледі. Алматыда жастар қауымдастық орталықтарында ақпараттық сессиялар өткізіліп, қатысу ережесі бойынша кеңес беріледі.

Ұйымдастырушылар жастарды өз бағыты бойынша өтініш беріп, белсенділік танытуға шақырды.

Бөлісу: