Алматы су желісін жаңғыртып жатыр: 543 шақырым жаңа құбыр төселіп, 14,8 млрд теңге инвестиция салынды

4 Шілде, 2025

Тұрғындарға суды үзбей беріп, коммуналдық қызметтің сапасын арттыру үшін «Алматы су» мекемесі құбыр мен кәріз жүйесін  жаңалап жатыр. Қалалық әкімдік жүргізіп жатқан инженерлік инфрақұрылымның құрылысын үдетудің арқасында 543 шақырым су құбыры мен кәріз желісі пайдалануға берілген. Сонымен қатар, қолданыстағы коммуникациялар да қайта жаңартылып, тозған желілер едәуір азайды: су құбыры бойынша – 51,73%-ға дейін (жыл ішінде 3%-дан астамға төмендеді), кәріз жүйесі бойынша – 50,47%-ға дейін (5%-ға азайған).   Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «АЛМАТЫ СУ» компаниясының өндіріс жөніндегі бас директорының орынбасары Берік Жамбылов осылай деді.

2025 жылы «Алматы Су» инженерлік жүйелерді дамытуға 14,8 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Ең тозығы жеткен су мен кәріз желісінің 50 шақырымы ауыстырылады. Жұмыс кезінде қала тұрғындарына су үзбей беріліп, көлік қозғалысы да тоқтамайды.   

Биылғы негізгі жобаның қатарында – Мыңбаев көшесіндегі магистральді су құбырын ауыстыру, Таусамалы (Каменка) ықшамауданындағы инженерлік желілерді қайта жаңарту мен Тимирязев көшесіндегі коммуникацияларды ор қазбай ауыстыру әдісімен жаңарту да бар. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары жылыту маусымы басталғанша бітпек. Инженерлік желілер орнатылғаннан кейін бірден жол жамылғысын қалпына келтіруге кіріседі.

2025 жылы 4 су айдау станциясы күрделі жөндеуден өтіп, 200 дана су айдау жабдығы, 444 дана жапқыш арматура, 4 трансформаторлық қосалқы станция ауыстырылады, сондай-ақ 2 таза су резервуары салынып, жөнделеді. Сонымен қатар өрт гидранттары, су ұңғымалары жөнделіп, арнаулы техника жаңартылады.

«Сулусай ықшамауданында да инженерлік желілерді дамытып жатырмыз. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мен аудандық әкімдіктер салған желілерді орталықтандырылған сумен жабдықтау мен су бұру жүйесіне қосу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді «АЛМАТЫ СУ» компаниясының сату департаментінің директоры Серік Шагиров.

Инфрақұрылымды қыс мезгіліне даярлдау мақсатында 2025 жылдың соңына дейін 700 шақырымнан астам құбыр жуылып, 10 мың өрт гидранты тексеріліп, жөнделеді, 100 мыңнан астам құдық тазартылып, 1200 дана жапқыш арматура жөнделіп, ауыстырылады.

Алматы қаласының су жүйесін кешенді жаңарту сумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттырып қана қоймай, инженерлік инфрақұрылымның ұзақ уақыт үзбей жұмыс істеуіне сеп болмақ.

Бөлісу: