Әуезов ауданында 130 шақырымнан астам инженерлік желі жаңартылады

3 Шілде, 2025

Әуезов ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мен дамытуды көздейтін үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Бұлар су құбыры, кәріз жүйесі, жылу желілері, электр желілері мен сыртқы жарықтандыру сияқты шаруалар. Жобаға салынған қаржы көлемі 24,5 миллиард теңгеден асып, негізгі алдағы айларға нысандарды аяқтау жоспарланған.  Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев осылай деп мәлімдеді.

Атап айтқанда, 2025 жылдың қараша айында Мамыр-4 шағынауданында 12,3 шақырым инженерлік желінің (6,5 км су құбыры және 5,8 км кәріз жүйесі) құрылысы аяқталмақ. Құны 2,8 млрд теңге болатын бұл жоба 800-ден астам тұрғынды жаңа коммуналдық қызметпен қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ, 2025 жылдың сәуір айынан бастап Достық шағын ауданында 22 көшеде 15,7 шақырым кәріз желісі салынып жатыр. Жобаға түзету енгізіліп, оған қосымша көше — Рабат, Қарасай батыр мен Дастан да қосылды. Бұл көшелерде асфальт жамылғысы толық қалпына келтіріледі. Жобаның жалпы құны — 2,6 млрд теңге, ол биылғы қазан айында аяқталып қалады. 

2025 жылғы ең ірі жобаның бірі — Сайын – Жандосов – Қарғалы өзені – Шаляпин көшелерімен шектескен аумақтағы 49 шақырымдық инженерлік желінің құрылысы болмақ. Оның ішінде 27 шақырым су құбыры мен 22 шақыры кәріз жүйесі бар. Құны 10,8 млрд теңге болатын бұл жоба 3 мыңнан астам тұрғынды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етеді.

Жылу желілерін жаңартуға да үлкен көңіл бөлінді. Өткен жылы Сайын, Тоқтабаев, Черепанов көшелерінде, сондай-ақ Мамыр-3 пен 5-шағын аудандардағы 4,9 шақырым жылу желісі жаңартылды. Бұлар 30 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген. Жобаның жалпы құны — 4,4 млрд теңге. Тамыз айында тағы бір жоба — Жетісу-2 шағын ауданында 1,1 шақырым жылу желісін қайта жаңартып бітеді. Оған 600 млн теңге бөлінген.

Аудандағы электр желілері 63% тозғандықтан, тоқ жиі өшіп қалады: 2023 жылы – 245, 2024 жылы – 232, биылдың өзінде осындай 123 жағдай тіркелген. Электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру үшін өткен жылы «АЖК» АҚ 7 шақырым жаңа желі тартып, 36 шақырым желіні жаңғыртты, 29 трансформаторлық және 5 тарату қосалқы станциясын жаңартты. Бұл жұмыстарға 107,8 млн теңге жұмсалды. 2025 жылы тағы 6,4 шақырым жаңа желі тартып, 39 шақырым желіні жаңартып, 96 трансформаторлық қосалқы станцияны жаңғырту жоспарланған. Жобаның құны — 120,4 млн теңге.

Сыртқы жарықтандыруды жақсарту бағдарламасы да белсенді жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылы 42,3 шақырым кабель желісі қалпына келтіріліп, 152 жаңа бағана орнатылып,  3 818 шам ауыстырылды. Биыл тағы 52 шақырым кабель желісін қалпына келтіріп, 487 бағана орнатып, 2 511 шамды ауыстыру жоспарланып отыр.

Бөлісу: