Алматыда аумағы 1 гектар болатын жаңа саябақ ашылады

13 Қазан, 2026

Алматының Наурызбай ауданында Alem Park маңында орналасқан, аумағы 1 гектар болатын жаңа саябақты көркейту жұмысы аяқталып қалды. Жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындардың үй-ішімен демалып, серуендеп, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған.

Саябақты көркейту барысында көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Аумаққа 200 ірі көлемді ағаш, 85 қылқан жапырақты ағаш, 30 мыңға жуық бұта және 1,5 мың раушан гүлі егілді. Өсімдіктерді күтіп-баптау үшін автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды.

Саябақта жүргіншілер жолдары салынып, орындықтар мен жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ субұрқақ, «Отбасы» композициясы, перголалар мен балалар ойын алаңы қарастырылған.

Жаңа қоғамдық кеңістік Наурызбай ауданындағы тағы бір жайлы демалыс орнына айналып, көгалдандырылған аумақтардың көлемін арттырады.

Қазіргі уақытта көркейту жұмыстары соңғы кезеңде жүргізіліп жатыр. Саябақты тұрғындарға алдағы күндері ашу жоспарланған.
 

Бөлісу: