Алматыда бір күнде 1,2 мың түп ағаш екті

12 Қазан, 2026

Алматыда 10 қазанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қалалық сенбілік өтті. Қала аумағын тазалау мен көгалдандыруға 3 480 адам қатысты. Бұл туралы қаланың коммуналдық инфрақұрылым мен тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты.

Экологиялық акция қаланың барлық сегіз ауданын қамтыды. Жұмыс скверлерді, көшелерді, жасыл аймақтар мен жағалау аумағын қоса алғанда, 10 учаскеде жүргізілді.

Сенбілікке қатысушылар Баум тоғайын, «Биокомбинат» және Ратушный скверлерін, Саялы мен Көкшоқы шағынаудандарының аумақтарын, сондай-ақ Қарғалы өзенінің бойындағы және бірқатар қала көшелеріндегі учаскелерді ретке келтірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша 506 текше метр қоқыс пен қалдық жиналып, шығарылды. Тазалау жұмыстарына 79 арнайы техника жұмылдырылды.

Қала аумақтарын көгалдандыруға ерекше назар аударылды. Сенбілік барысында 1 220 ағаш егілді. Оның ішінде биіктігі алты метрден асатын ірі жөке мен үйеңкі ағаштары, сондай-ақ сәнағаш, шаған және шырша көшеттері бар. Ағаш егу жұмыстары Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарында жүргізілді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жалпықалалық сенбілік қаланың тазалығын сақтауға, қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге және Алматы тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу: