Алматыда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп жатыр

26 Тамыз, 2026

Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Алмалы және Бостандық аудандарындағы мектептер мен балабақшаны аралады.

Алмалы ауданында әкім күрделі жөндеуден кейін ашылатын 576 орындық №124 мектепті тексерді. Жөндеу жұмыстары бір жыл бұрын басталған. Қазір нысан балаларды қабылдауға толық дайын.

Бостандық ауданында 550 орындық №60 мектептің дайындығы тексерілді. Мұнда қолданыстағы ғимарат жөнделіп, қосымша нысан салынды. Соның нәтижесінде мектептің жалпы аумағы 14 мың шаршы метрге дейін ұлғайды.

Сондай-ақ Орбита-4 шағынауданында орналасқан №89 бөбекжай-балабақшаны жөндеу жұмыстары аяқталды. Балабақша 300 балаға арналған, мұнда 12 топ жұмыс істейді. Үш нысан да дайын, қазіргі уақытта оларды қажетті жабдықтармен толық жарақтандыру жұмыстары аяқталып келеді.

Жалпы, 1 қыркүйекке дейін Алматыда 8 жаңа білім беру нысанын, сондай-ақ жөндеуден кейін тағы 11 нысанды ашу жоспарланып отыр. Жұмыс кестесінен кешігіп жатқан нысандар қала әкімінің жеке бақылауында және ол жұмыстар жақын арада аяқталады.

Бөлісу: