Live
Шымбұлақта Shyrshaly экологиялық жобасы аясында 560 түп Тянь-Шань шыршасы егілді
17 Қазан, 2026
17 қазанда Шымбұлақ тау-шаңғы курортында Тянь-Шань шыршасын егуге арналған экологиялық акция өтті. Shyrshaly жобасы аясында оған қатысқандар 560 түп көшет егіп, Кіші Алматы шатқалының орманын сақтап, экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосты.
Акция Алматы тау кластерінің аумағында өтіп, оған қала әкімдігі, курорт әкімшілігі, табиғат қорғау ұйымдарының, Қазақстанның Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өкілдері мен жастардың экологиялық клубының мүшелері келіп қатысты.
«Бұл акция Шымбұлақ курортын Ой-Қарағаймен байланыстыруды көздейтін Алматы тау кластерін дамыту аясында өтіп жатыр. Мұндай жобалар экологиялық стандартты сақтай отырып жүзеге асуы тиіс. Бүгінгі ағаш егу науқаны — табиғатқа түсетін салмақты азайтуға қосылған нақты үлес. Ағаш егу бойынша келесі акциялар Бутаковка мен Қимасар шатқалында өтеді», — деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Бастамаға Қазақстанның Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы да қосылып, егілген ағаштың жалпы санына 60 көшет ұсынды. Іс-шара ЮНЕСКО клубтары күніне орайластырылып, TURAQTY JOL 7.0 ұлттық экологиялық науқанының мақсатын қолдау аясында өтті.
Ағаш егу жұмысына мамандар жетекшілік етті. Олар қатысушыларға көшетті егер кездегі қажетті талап пен ережені сақтауға көмектесті. Практикалық жұмыстан бөлек, бағдарлама аясында жастардың экологиялық жобалары таныстырылып, «Шымбұлақ» базалық станциясының жанындағы білім беру алаңында шеберлік сабағы болып өтті.
Shyrshaly жобасы 2025 жылдан бастап Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандарының қолдауымен жүзеге асып келеді. Жобаның басты мақсаты — Кіші Алматы шатқалындағы орман алқаптарын сақтау мен қалпына келтіруге ықпал ету. Әсіресе 2011 жылғы дауылдан зардап шеккен аумақтарға ерекше назар аударылады.
«Бұл акция былтыр басталды. 2011 жылы қатты дауылдың салдарынан Кіші Алматы шатқалындағы ағаштың көбі зақымданған болатын. Бұл — алматылықтардың ең танымал әрі сүйікті орнының бірі. Былтыр да 500 ағаш ектік. Енді бұл акцияны үнемі өткізіп тұрамыз. Біз Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркіне тәлімбақ жұмысы аясында қолдау көрсетіп келеміз. Парк мамандары біз үшін ағаш өсіріп, біз оларды жыл сайын осылай егіп отырамыз. Алматылықтардың бұл бастамаға бейжай қарамайтынын көріп отырмын. Бүгін де бізді қолдауға адам көп келді», — деді Шымбұлақ тау-шаңғы курортының бас директоры Ринат Әбдірахманов.
Өткен жылы курорт аумағында осы бастама аясында 500 түп шырша егілген болатын. Биылғы акция осы жұмыстың жалғасы болып, таулы аймақтың табиғи экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған тағы бір маңызды қадам болды.
Осындай экологиялық бастамалар мемлекеттік органдардың, бизнестің, табиғатты қорғау мамандары мен жастардың күш-жігерін біріктіреді. Ағаш егу — аумақты көгалдандыруға қосылған үлес қана емес, сонымен қатар қоғамның табиғатқа ұқыпты қарап, Іле Алатауының бірегей ландшафттарын сақтаудағы жауапкершілікті сезінуіне ықпал ететін маңызды шаруа.