Алматы мен Чунциннің арасында ұшақ қатынайды

24 Қыркүйек, 2026

23 қыркүйекте FlyArystan Алматы – Чунцин – Алматы бағыты бойынша тікелей әуе рейсін іске қосты. Аптасына екі рет ұшатын рейсте жолға бес сағаттай уақыт ктееді. FlyArystan осы бағытта рейс ашқан алғашқы қазақстандық әуе тасымалдаушысы болды. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, Қытай Алматы үшін негізгі туристік нарықтардың бірі болып қала береді. 2025 жылы қалаға Қытайдан 136,4 мың турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,6%-ға көп. Келу туризмі бойынша Қытай Ресейден кейін екінші орынға шықты.

Қазіргі уақытта Алматыдан Бейжің, Шанхай, Үрімші, Сиань, Ханчжоу, Гуанчжоу, Инин, Чэнду және Санья қалаларына тікелей рейстер орындалады. Чунцинге жаңа бағыттың ашылуы Қытаймен тікелей әуе қатынасының географиясын одан әрі кеңейтті.

Қытайлық саяхатшылардың Алматыға деген қызығушылығы да артып келеді. Mastercard Tourism Insights мәліметтері бойынша бір жыл ішінде Қытайдан Алматыға әуе билеттерін іздеу сұраныстарының саны 30 миллионнан 56 миллионға дейін өскен.

Алматы қаласының Туризм басқармасында атап өткендей, жаңа бағыттың іске қосылуы туристер санын арттыруға, сондай-ақ Алматы мен Қытай қалалары арасындағы іскерлік және мәдени байланысты дамытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу: