Алматыда жаңа экологиялық мәдениет қалай қалыптасып жатыр

29 Қыркүйек, 2026

29 қыркүйекте Алматыда құрылған ECO Network жобасына сегіз жыл толады. Осы уақыт ішінде оның экологиялық бастамасы Қазақстанның 10 қаласына тарап, экологиялық күн тәртібі бір реттік акциялардан тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қарай біртіндеп бет алды.

«Жасыл кеңсе», «Жасыл университет», «Жасыл мектеп», Эко-Трак пен Эко-Хаб жобасы қазір экология саласындағы білім беру, инфрақұрылымдық және практикалық шешімді біріктіріп отыр. Бұл тәсілдің маңыздылығы ECO Network негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың 2024 жылғы 31 мамырда Мемлекет басшысымен кездесуінен кейін де арта түсті.

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы аясында «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру мәселесі мен сенбілікпен ғана шектелмей, азаматтардың үйде, мектепте, университет пен жұмыс орнында күнделікті экологиялық іс-шараға үзбей қатысуына мүмкіндік беретін шешімді енгізу қажеттілігі жеке талқыланды.

Алматыда мұндай инфрақұрылым қазірдің өзінде дамып келеді. Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, қалада ECO Network-тің үш Эко-Хабы, қайталама шикізатты қабылдайтын сегіз пункт, пластик бөтелкелер мен алюминий банкасын жинауға арналған 73 фандомат, сондай-ақ тоқыма бұйымдарын жинауға арналған 20 экобокс жұмыс істейді.

«Қазір қоршаған ортаның тазалығы коммуналдық қызметтің жұмысы немесе қаланы абаттандыру мәселесі ғана емес. Бұл әр тұрғынның жауапкершілігін, оның күнделікті әдеті мен қоршаған ортаға деген көзқарасын да қамтитын сала. “Таза Қазақстанның” түпкі мақсаты — тазалықты бір реттік акция емес, қоғамның тұрақты мәдениетіне айналдыру», — деп атап өтті Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Думан Қаптағаев.

Жастарға да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылдың басынан бері Алматыда «Таза Қазақстан» аясында 18 мыңнан астам жасты қамтыған 98-ден астам экологиялық іс-шара өткен. 3,6 мыңнан астам адам қалалық сенбілікке қатысып, экологиялық бастамаға мыңнан астам ерікті тартылды.

«Біздің міндетіміз — “Таза Қазақстанды” жастар жеке акция немесе сенбілік ретінде емес, күнделікті мәдениеттің бір бөлігі ретінде қабылдауына жағдай жасау. Біз Эко-Хабтарды, экологиялық волонтерлікті, білім беру бағдарламалары мен практикалық бастаман дамытып жатырмыз», — деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Экологиялық жобалардың дамуына жеке бизнес те қолдау көрсетіп келеді. «Учет» компаниясының негізін қалаушы Максим Барышев 2020 жылы ECO Network-тің алғашқы венчурлік инвесторы болды. Оның айтуынша, ынтымақтастық жоба командасымен 2019 жылы танысқаннан кейін басталған.

«15 минуттық әңгімеден кейін-ақ компаниямыздың “Жасыл кеңсе” бағдарламасына қосылатыны туралы шешім қабылдадық, ал 2020 жылы мен ECO Network-тің алғашқы венчурлік инвесторы болдым. Команданың өз жобасына беріліп қана қоймай, оның ауқымын кеңейтуге бағытталғаны бірден түсінікті болды», — деді Барышев.

Жобаның тағы бір инвесторы, MOST бизнес-инкубаторының директорлар кеңесінің төрағасы Асхат Сағдиев impact-инвестициялардың — әлеуметтік немесе экологиялық мәселелерді шешумен қатар, нақты әсер қалыптастыратын жобаға салынатын инвестицияның әлеуетін атап өтті.

«Осы қысқа уақыт ішінде жоба өзінің шынымен де өсе алатынын көрсетті және ең бастысы, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуді жалғастырып келеді. Біздің елімізде impact-инвестициялау әлі де кеңінен дамымаған,  әлемде бұл әлдеқашан трендке айналып кеткен дүние», — деді Сағдиев.

Бүгінде компанияның мәліметінше, ECO Network өнімдерін күн сайын 100 мыңнан астам адам пайдаланады. Команда экологиялық белсенділікті цифрландырудың арқасында бұл көрсеткішті айтарлықтай арттырмақ ойда. 

«Егер мемлекетпен бірлескен жоспарымыз жүзеге асса, бір жылдан кейін 1 миллион адамға дейін жетуіміз мүмкін, сөйтіп екі-үш жылда еліміздің бүкіл халқын қамтуға болады. Бізде қажетті жобаларды енгізудің әдістемесі мен тәжірибесі бар. Біздің базамыз жеке бизнеспен бірлесіп әзірленіп, сынақтан өтті», — деді ECO Network негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.

Жобаның жекелеген модельдері Түркістан облысы Созақ ауданындағы бес ауыл мектебінде іске асырылды. Алдағы уақытта команда бұл тәжірибені кеңейтіп, азаматтар мен ұйымдардың экологиялық бастамаға нақты қатысу деңгейін бағалау үшін цифрлық құралдарды пайдаланғалы отыр.

ECO Network 2018 жылы Алматыда құрылды. Сегіз жыл ішінде жоба өз бастамаларын Қазақстанның 10 қаласына таратты. 2022 жылы Евгений Мұхамеджанов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде ECO Network сарапшылары экологиялық бағдарламаларды әзірлеуге қатысып, мемлекеттік органдар мен қалалық әкімдікке кеңес беріп қолдау көрсетеді.

Келесі кезеңдегі басты міндет — экологиялық жауапкершілікті кезекті акцияға байланысты болатын эпизодтық әрекет емес, күнделікті мінез-құлықтың бір бөлігіне айналдыру. Бүгінде «Таза Қазақстан» мемлекеттік бастамасы да, елімізде қалыптасып келе жатқан қоғамдық, білім беру мен бизнес жобаларының экожүйесі де осы мақсатқа бағытталып отыр.

Бөлісу: