Алматының музейлер бірлестігі тегін «Музей түніне» шақырды

14 Мамыр, 2026

Алматыда Музейлер күніне орай тегін экскурсия, театрландырылған қойылым, концерт, квестер мен интерактивті жобаларды қамтылған үлкен мәдени бағдарлама дайындалды. «Музей түні – 2026» халықаралық акциясы аясында қала музейлері түн ортасына дейін жұмыс істеп, кіру жағы да тегін болады. Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы музейлер бірлестігі директорының ғылым жөніндегі орынбасары Рүстем Қайратұлы осылай деп мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, Халықаралық музейлер күні жыл сайын 18 мамырда атап өтеді. 1978 жылдан бері бұл мереке бүкіл әлем музей қауымдастығының басын қосып, Қазақстанда бұл акцияны 2005 жылдан бері атап өтіп келеді.

Рүстем Қайратұлы Алматы музейлері халықаралық акцияға белсене қатысатынын, жыл сайын қала тұрғындары мен қонақтарға мазмұнды бағдарлама ұсынатынын атап өтті.

Халықаралық музейлер күні Алматы музейлер бірлестігі құрамына кіретін барлық музейге кіру тегін болады. Олардың қатарында Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Нұрғиса Тілендиев мемориалдық музейі, Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығы, Дінмұхамед Қонаев мемориалдық музейі, Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық үй-музейі, Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық үй-музейі, Ахмет Байтұрсынұлының үй-музейі мен Алматы галереясы да бар.

«Музей түні – 2026» акциясы аясында музейлер 18 мамыр күні сағат 10:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Негізгі кешкі бағдарлама сағат 18:00-ден түн ортасына дейін өтеді.

«Біз балалардан бастап жастарға, отбасылық аудитория мен өнер сүйер қауымға дейінгі әртүрлі жастағы келушілерге қызықты болатын бағдарлама дайындауға тырыстық», — дейді спикер.

Келіп-кетеіндерге арнап танымдық интерактивті квестер мен викториналар, музейлік сабақтар, спектакльдер, тақырыптық экскурсиялар мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.

Мәселен, Алматы музейі алаңында Асанәлі Әшімов театрының «Алматы – махаббатым» қойылымы өтеді, Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық үй-музейі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін ұсынса, Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық үй-музейі «Мөлдір махаббат» қойылымын сахналайды.

Сонымен қатар музейлерде Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған блиц-көрме ашылады. Олардың қатарында сақ жауынгерінің ғылыми реконструкциясы, «Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек» көрмесі, актриса Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған экспозиция, сондай-ақ Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің 45 жылдығына арналған көрме де бар.

Акция аясында тұрғындар музейге өз заттары мен көне дүниелерді тапсыра алатын «Музейге сый» жобасы мен танымал тұлғалар қатысатын «Жұлдызды гид» жобасы да өтеді.

Қонақтар үшін «Сазген сазы», «Арқайым», «Парасат» этно-фольклорлық ұжымдары, Kalifarniya, Bayansulu, «Алатау серілері» мен «Алашұлы» топтары, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев, Айдана Меденова, IL Canto квартеті, этно-фольклорлық топтар, Талғат Абугазиев пен Мұрат Абугазиев, Эльза Карабалина, Ардақ Исатаева қатысатын концерт, ашық аспан астындағы кино көрсетілімі, қыш өнері, музыкалық аспап жасау мен бейнелеу өнері бойынша шығармашылық шеберлік сабақтары өтеді.

Ең ерекше жобалардың бірі — музейлер бірлестігі музейлері бойынша арнайы квест болмақ. Спикердің айтуынша, танымал блогерлер қатысатын командалар музей қызметкерлері дайындаған тапсырмаларды орындайды.

Балаларға арнап музейлік пазлдар, аквагрим мен тақырыптық квестер ұйымдастырылған арнаулы ойын аймақтары да ашылады осы жолы.

«Музей түні» қазір экскурсия ғана емес, өнерді, тарихты, театрды, музыка мен осы заманғы интерактивті форматтарды біріктіретін үлкен мәдени кеңістікке айналды», — деп атап өтті Рүстем Қайратұлы.

Алматы музейлер бірлестігі барлық қаланың тұрғындары мен қонақтарды «Музей түні – 2026» акциясына қатысуға шақырып, барлық іс-шараға кіру тегін болатынын еске салды.

Бөлісу: