Live
Алматы отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмысты күшейтті
14 Мамыр, 2026
Алматыда отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы қылмыстың саны азайды. 2026 жылдың басынан бері осындай 67 дерек тіркелсе, былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш 71 болыпты. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларды қорғау мен сталкингке қарсы іс-қимылдың барысы туралы Алматы қалалық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында баяндады.
Спикердің айтуынша, бүгінде зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау, сондай-ақ сталкингке қарсы күрес мәселесін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласы Полиция департаменті ерекше бақылауға алған. Қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, ауыр қылмыстың алдын алуға айрықша назар аударылып отыр екен.
«Соңғы жылдары қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, психологиялық қысымға, қорқыту мен қудалауға деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Бұрын отбасылық жанжал көбіне әркімнің жеке ісі ретінде қабылданса, бүгінде мұндай әрекетке нақты құқықтық баға берілетін болды. Зорлық-зомбылықтың психологиялық, сексуалдық немесе экономикалық сияқты кез келген түрі жол беруге болмайтын әрекет және ол заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеледі», — дейді Айтан Елеусізов.
Полиция өкілдері қазір қысым көрсету азаматтың қауіпсіздігіне төнетін елеулі қатер ретінде қарастырылатынын атап өтті. Қудалау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін құқық қорғау органдары мұндайды анықтау мен зардап шеккендерді қорғау жұмысын күшейткен.
«Көп жағдайда сталкинг тұрақты қоңырау шалудан, қорқытып, аңдып, жүріп-тұруын бақылап, психологиялық қысым жасаудан басталады. Кейде балалары, туыстары арқылы да қысым көрсетіп жатады. Мұндай әрекеттің соңы кейін ауыр қылмысқа алып келуі мүмкін. Сондықтан полиция зорлық-зомбылықтың ертерек алдын алуға тырысады», — деп түсіндірді спикер.
2026 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша 3104 адам профилактикалық есепке қойылыпты. 2557 құқықбұзушыға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылса, тағы 547 адамға сот ерекше мінез-құлық талаптарын белгілеген. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 127 адам, ерекше талаптарды бұзғаны үшін 145 адам жауапкершілікке тартылыпты.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін 2173 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бері полицияға осындай 4952 арыз-шағым мен хабарлама түскен.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция күш көрсеткендерді шектеп, оқшаулап отырады. 17 адам уақытша абақтыға қамалып, құқық бұзған тағы адам 347 арнаулы орындарға орналастырылған.
Соттар тарапынан да жәбірленушіні қорғаудың қосымша шаралары қабылданып жатыр. Атап айтқанда, құқықбұзушыларға қатысты 30 ерекше мінез-құлық талабы белгіленіп, 6 жағдайда жәбірленуге жақындауға тыйым салынған.
Сонымен қатар, агрессивті мінез-құлықты түзету жұмысы да жүргізіледі. Жыл басынан бері 78 адам алкоголизмнен мәжбүрлі емделуге жіберіліп, тағы 30 құқықбұзушы психокоррекция кабинетіндегі арнаулы психологиялық бағдарламалардан өткен.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Дағдарыс орталықтарымен бірлесіп, зардап шеккендерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 24 әйел жіберіліп, олармен бірге 49 кәмелетке толмаған бала орналасқан. Алматыда зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін 16 мемлекеттік емхана жұмыс істейді.
«Зорлық-зомбылық пен сталкингке қарсы күрес полицияның ғана міндеті емес. Бұл — мемлекет, қоғам, отбасы, білім беру мекемелері мен әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қорқыту, қудалау немесе зорлық-зомбылықтың бірде-бір фактісі назардан тыс қалмауы тиіс. Уақтылы көмекке жүгіну қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін», — дейді Айтан Елеусізов.