Live
Алматыда «Музей түні – 2026» театрлардың, VR-шоулардың, тарихи кейіпкерлер мен бірегей экспонаттардың басын қоспақ
14 Мамыр, 2026
18 мамыр күні Халықаралық музейлер күнінің қарсаңында Ұлттық орталық музейде «Музей түні – 2026» халықаралық мәдени-ағарту акциясы өтпек. Биылғы акция Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) бекіткен «Музейлер бөлінген әлемді біріктіреді» деп аталды Өңірлік коммуникациялар қызметінде музей қызметкерлері осы үлкен мәдени іс-шараның бағдарламасы туралы баяндады. Келушілерді күні бойы — сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін көрме, театрландырылған қойылым, концерт, шеберлік сабақтары, квесттер, кинкөрсетілімдер, VR-бағдарлама мен тарихи кейіпкерлермен кездесу күтеді.
«Музейдегі түн» жыл сайын өтетін іс-шара ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтар үшін маңызды мәдени оқиғаға айналып отыр. Біз музейдің тарих, өнер мен замандық технологиялар тоғысқан тірі кеңістік екенін көрсеткіміз келеді. Биылғы бағдарлама одан да ауқымды болды, жобаның көбін Халықаралық музейлер күніне арнап дайындадық», — дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров.
Бағдарламаның негізгі бөлігінің бірі — музей қорындағы дүниелерден тұратын көрме. Мұнда қазақтың кілем тоқу өнеріне арналған «Масатыдай құлпырған...» атты көрме ашылған. Онда түкті және түксіз кілемдер, қабырға кілемдері мен ХХ ғасырдың басындағы сирек тоқыма бұйымдары қойылады. Негізгі экспонаттың қатарында әйгілі «Сыр кілем» немесе «Қоңырат кілем» бар, ол көне Ахмет Ясауи кесенесінен табылған кілем фрагменті негізінде этнограф Өзбекәлі Жәнібеков бастамасымен қалпына келтірілген.
Сондай-ақ «Бірегей!» көрмесі өтеді, онда асыл металдардан жасалған антикварлық бұйымдар, XII ғасырдағы сағаттар мен шырағдандар коллекциясы, сирек фарфор мен қыш, кескіндеме туындылары мен тұңғыс бақсысының киімі көрсетілмекші. Бұдан бөлек Қазақстанның әртүрлі тарихи кезеңіндегі спорт, мәдениет, білім мен қоғамдық өмірмен байланысты төсбелгілер мен белгілер көрмесі де ұйымдастырылады.
Қазақстан Радиосының 105 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 60 жылдығына орай «Ұлттың үнбайрағы» атты мерейтойлық көрме ашылады. Онда архив құжаттарф, тарихи аудиожазбалар, радиоаппаратуралар мен белгілі дикторлардың жеке заты қойылған. Келушілер Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаевтың «Алтын қордағы» дауысын тыңдай алады. Экскурсияларды радио ардагерлері жүргізеді.
«Біз келушілер музейді экспонаттарды тамашалайтын орын ғана емес, қарым-қатынас жасап, тарихты танитын кеңістік ретінде сезінсе екен дейміз. Сондықтан бағдарламаға театрландырылған қойылымдар, интерактивті экскурсиялар, тарихи кейіпкерлермен кездесулер мен замандық мультимедиялық жобалар енгізілді. Жастар мен отбасылық аудиторияға ерекше көңіл бөлінді», — дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің бөлім жетекшісі Қайрат Тарбай.
М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесі дайындалды. Оған сахналық костюмдер, архивтік фотосуреттер, қолжазбалар, афишалар мен танымал актерлердің жеке заттары қойылады. Сирек экспонаттың бірі — КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекованың «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліндегі костюмі.
Музейде күні бойы театрландырылған қойылымдар мен концерттер өтеді. М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры актерлері Алтын Орда дәуіріндегі оқиғаларға арналған тарихи қойылым ұсынады, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Жамбыл Жабаев пен қырғыз ақыны Қалмырза Сарпекұлының айтысын көрсетеді. «Жаңа ғасыр» жастар театры «Алматы — менің махаббатым» мюзиклін сахналаса, Мемлекеттік қуыршақ театрының актерлері музей залында қазақ ертегілері мен аңыздарының атмосферасын жасайды.
«Қонақтарымыз “Алтын адам”, Томирис патшайым, бақсылар, қазақ хандары мен Алдар Көсемен бірге “тірі музейді” көре алады. Балалар үшін Қазақ мемлекеттік циркінің арнаулы шоу-бағдарламасы дайындалды, сондай-ақ “Қазақфильм” қорынан кино көрсетеді», — деді Сержан Саров.
Бағдарламаның бір бөлігі — Museum Fest халықаралық фестивалі. Оның аясында Қазақстан мен шетелдердік музей мамандары үздік кәсіби тәжірибесі мен мәдени жобаларын ұсынады.
«Қазіргі музей келген-кеткен адаммен соның тілінде сөйлесуі керек. Сондықтан бағдарламаға VR-технологиялар, робот-шоу, интерактивті маршруттар, квесттер мен шеберлік сабақтары енгізілді. Қазақстанның мәдени мұрасы негізгі өзек, оны халыққа жақын әрі қолжетімді ету мақсатымыз», — деп атап өтті Қайрат Тарбай.
Акция барысында кілем тоқу, киіз басу, керамика жасау, тоғызқұмалақ ойыны мен көне түркі руникалық жазуы бойынша шеберлік сабағы өтпекші. Алматы қаласы музейі мен Ұлттық орталық музей арасында арнайы экскурсиялық маршрут жасалады. Музей алдындағы алаңда концерт қойылып, «Ақжауын» камералық оркестрі мен қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Сондай-ақ «Музейге сый» акциясы аясында Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауле Жанпейісова музейге музыкалық аспаптар мен сахналық костюмдер табыс етеді, спортшы Теміржан Даулет өзінің естелік заттарын музей қорына әкеп табыстайды.
«Музейдегі түн – 2026» іс-шарасын тележүргізуші Берік Көшербекұлы мен көркемсөз шебері Ақбөбек Қайыржанова жүргізеді.