Алматыдағы референдум күнінің алғашқы жартысы: суперқаһармандар, ұлттық киімдер мен бойшаң қуыршақтар

15 Наурыз, 2026

Бүгін республикалық референдум күні Алматы тұрғындарының белсенділігі жоғары деңгейде байқалып отыр. Кейбір референдум учаскелерінде таңнан бастап дауыс беруге келген қала тұрғындарының кезегі қалыптасты. Отбасылар, достар және әріптестер бірге келіп, таңдауын жасап жатыр.

С. А. Қожықов атындағы №39 лицейде орналасқан №93 учаске ашылған сәттен бастап алғашқы сайлаушыларды қабылдады. Ал №109 учаскеде дауыс беру үдерісі тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр.

«Шин Лайн» компаниясының қызметкерлері де референдумға бүкіл ұжым болып келіп, азаматтық ұстаным білдірді.

Қаладағы учаскелерде мерекелік көңіл күй де байқалады. Қалқаман және Қарағайлы шағынаудандарындағы учаскелерде ұйғыр диаспорасының өкілдері ұлттық киім киіп келіп дауыс беріп, айналасындағылардың назарын аударып, ерекше атмосфера қалыптастырды.

Ал №239 учаскеде дауыс беру барысында суперқаһармандар — Супермен, Темір адам, Капитан Америка және Джокер «қатысса», №175 учаскеде келушілерді «Бүркіт» бейнесіндегі ұзын бойлы қуыршақ қарсы алды.

Жалпы, Алматы қаласында референдум өткізу үшін 653 учаске жұмыс істеп тұр. Дауыс беру күні бойы жалғасады. Өз учаскеңіздің мекенжайын білу және сайлаушылар тізіміне енгізілгеніңізді тексеру үшін 1308 Call-орталығына хабарласуға, қала әкімдігінің ресми сайтына, Open Almaty сервисіне немесе Telegram ботқа жүгінуге болады.
 

Бөлісу: