Алматыда 2026 жылдан басталатын салықтық есептілікті ұсыну тәртібіндегі негізгі өзгерістерді түсіндірді

12 Желтоқсан, 2025

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жаңа Салық кодексіндегі салық есептілікті жеңілдетуге, әкімшілік жүктемені азайтып, салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға бағытталған өзгерісті баяндады.

Департаменттің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Бақытгүл Сейтова реформалар аясында салық есептілігі нысандарының саны 30%-ға қысқарғанын атап өтті. Жалпы, 2009 жылдан бері формалар саны 70-тен 39-ға дейін 44%-ға азайған. Жаңа Салық кодексіне сәйкес қолданыстағы 39 форма 28-ге дейін қысқартылады. Кейбір нысандар автоматтандыру нәтижесінде немесе басқа декларацияларға біріктіріліп, біраз салық режимінің күшін жоюына байланысты алынып тасталды.

«Маңызды жаңалықтың бірі – нөлдік салықтық есептілікті автоматты түрде қалыптастыру. Егер салық төлеуші жеке кәсіпкер, заңды немесе жеке тұлға есептілікті белгіленген мерзімде тапсырмаса, уақыты біткенде салық органдарының ақпараттық жүйесі автоматты түрде нөлдік есептілік жасайды. Мұндай есептілік нөлдік көрсеткіштермен тапсырылған болып саналады. Бұл механизм төтенше жағдайларда, интернетке қолы жетпеген кезде және өзге де оқыс жағдайда өте өзекті», – деді Бақытгүл Сейтова.

Автоматты нөлдік есептілік қалыптасқаннан кейін сол кезеңге есептілікті ұсыну тек қосымша салықтық есептілік ретінде немесе қағаз түріндегі есептілік уақытында тапсырылып, «қабылданды» деген мәртебеге ие болған жағдайда ғана мүмкін болады.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтық есептілікті қайтарып алу институты жойылады. Бұрын тапсырылған форманы қайтарып алу мүмкін болмайды, тек Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы 328.00 нысаны – тауарларды енгізу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш қалады. Бұрын берілген деректерді түзету тек қосымша есептілік немесе хабарлама бойынша тапсыру арқылы жүзеге асады.

Спикердің айтуынша, есептілікті қайтарып алуды жою салық төлеушінің жауапкершілігін арттырып, ұлттық заңнаманы халықаралық тәжірибеге сәйкестендіріп, деректерді өзгертуді азайтуға бағытталған. Қате табылған жағдайда салық төлеуші талап қою мерзімі шегінде деректерді түзете алады.

«2026 жылдан бастап салықтық есептілікті тапсыру мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі де жойылады. Қолданыстағы Салық кодексіндегі тиісті норма күшін жояды. Сонымен бірге есептілікті уақытында тапсырмағаны үшін қолданылатын санкциялар да алынып тасталады, оның ішінде №17 хабарламаны жіберу, банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату мен әкімшілік айыппұлдар бар. Бұлар бизнесті жазалауға бағытталған тәсілді азайтуға арналған», – деп атап өтті Бақытгүл Сейтова.

Егер салық төлеуші табыстарын қосымша есептілік арқылы өзі көрсетсе, жауапқа тартылмайды.

ҚҚС бойынша декларацияны тапсыру мерзімдеріне де ерекше назар аударылды. 2026 жылдан бастап ҚҚС декларациясы (300.00 нысаны) есепті айдан кейінгі айдың 15-інен екінші айдың 15-іне дейінгі аралықта тапсырылады. Бұл электрондық шот-фактуралар ескерілмеген, дерегі толық емес декларациялардың санын азайтады. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап ҚҚС декларациясы қағаз түрінде, ХҚО немесе пошта арқылы қабылданбайды.

Салықтық есептілікті бұрынғыдай қағаз түрінде – мемлекеттік кірістер органдары, ХҚО немесе пошта арқылы, сондай-ақ электрондық форматта ИСНА КНП, СОНО, ЭЦҚ, eGov және eGov mobile порталдары, e-Salyq Azamat, e-Salyq Business мобильді қосымшалары және банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Форматтық-логикалық бақылау ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Бұдан бөлек, салық органдары салық төлеушілерге сервистік қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр. Оған жаңадан тіркелген тұлғаларды оқыту, сервистік топтар арқылы көмек көрсету – мүгедектігі бар адамдарға, 80 жастан асқан азаматтарға, шалғай ауыл тұрғындары мен уақытша еңбекке жарамсыз тұлғаларға қолдау көрсету жатады.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, барлық өзгерістер рәсімдерді жеңілдетуге, қателер санын азайтып, салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Бөлісу: