Алматы жаңа жолдар салып, метро мен экотранспортты жетілдірмек

23 Қыркүйек, 2025

Шаһарда көлік инфрақұрылымын жаңғырту белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінде Алматыдағы сапалы жолдардың үлесі 92%-ды құрайды, ал 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 95%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Биыл Шаңырақ-1 мен Әлмеректе жол құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Алғабас, Ақжар, Шұғыла, Жас Қанат және басқа да аудандарда жұмыс жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін қалада жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын жаңа жолдар салынады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде осылай деді.   

Бұдан бөлек, биыл 322 көшеге жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 229 көше жөнделді, бұл жылдық жоспардың 76%-ы деген сөз. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 38 шақырым болатын 15 магистральды көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қала әкімінің орынбасары көлік жүктемесін азайту мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Абай, Сайын, Рысқұлов, Төле би мен Жұбанов көшесін ұзарту (тесу) жобалары іске асырыла бастады. Кейбір жерде жұмыс аяқталып қалды, жобалар 2027 жылға дейін толық жүзеге асады.

BRT және метро жүйелерін дамыту бағытында да Алматы жылдам жүретін қоғамдық көлікті жетілдіруге басымдық беріп отыр. Райымбек батыр даңғылы мен Желтоқсан көшесі бойында BRT желісін салу жобасы қолға алынды. Бұл жобалар 2025–2026 жылдары аяқталады.

Метрополитенге де ерекше көңіл бөлінген. Үш жаңа бағыт жоспарланып отыр: «Барлық» станциясына дейінгі (5,3 км, 3 станция), әуежайға дейінгі шығыс бағыттағы (14 км, 8 станция) және Алатау жаққа қарай солтүстік бағыттағы (21,5 км, 12 станция) желілер.

Жыл соңына дейін қалаға мыңға жуық жаңа қоғамдық көлік – газбен жүретін автобустар, электробустар және троллейбустар қосылады. Бұл қалалық бағытты 100% экологиялық таза көлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Алматыда Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы құрылды. Бұл орталық зияткерлік көлік жүйесін енгізумен айналысады. Қалада 618 бағдаршам нысаны бар, оның 98-і ғана автоматты режимде жұмыс істейді. Қалған 520 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр, бұл көлік кептелісін 20%-ға қысқартып, жол апатын төрттен бірге азайтады.

«Біз тек жол салу мен жөндеуге ғана емес, қоғамдық көлікті және жаңа технологияларды дамытуға да баса мән беріп отырмыз. Бұл — Алматыны   қолайлы әрі экологиялық таза қалаға айналдыруға бағытталған ұзақ мерзімді шешім», — деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте.

Бөлісу: