Live
Алматыда осы замандық өнер музейі - Almaty Museum of Arts ашылды
10 Қыркүйек, 2025
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, кәсіпкер әрі меценат Нұрлан Смағұлов, қазақстандық және шетелдік мәдениет қайраткерлері мен 30-дан астам халықаралық басылым өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған мәдениет және ақпарат министрі бұл жоба Қазақстанның мәдени әрі рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атп өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бүгінгі жас ұрпақ дәстүрлі құндылықтармен қатар, жаңашылдық пен жасампаздықты да патриотизмнің басты негізі ретінде көретінін айтқан. Осы тұрғыда жаңа музей дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыратын, Қазақстан мен Орталық Азия мәдениетін шетелге паш ететін алаңға айналады», – деді Аида Балаева.
Жаңа мәдени орта 12 қыркүйектен бастап ашылады. Музей 56 млрд 160 млн теңге жеке инвестиция есебінен бой көтерген. Жалпы аумағы 10 060 шаршы метр болатын құрылыс екі қиылысқан ғимараттан тұрады. Бір мезетте 500 қонақ қабылдай алатын кеңістік британдық сәулетшілердің жобасымен жасалып, табиғатпен, қала көріністерімен үйлесім тапқан. Замандық талаптарға сай жабдықталған ғимарат өнер туындыларын сақтап, көрсетуге және қалпына келтіруге қажетті барлық жабдықпен қамтылған.
Көрме залдары Қазақстанның мәдени мұрасы мен табиғи байлығын дәріптеумен қатар, қазақстандық және әлемдік заманауи суретшілердің туындыларына арналған.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөзінде бұл музейдің ашылуын қаланың жан-жақты дамуының белгісі деп атады.
«Алматы – еліміздің мәдени орталығы. Мұндай кешеннің ашылуы қаламыздағы ерекше оқиға. Бұл жастардың озық ойлауға, олардың мәдениет саласында өзін сынап көруіне ықпал етеді. Сонымен қатар Алматының туристік және экономикалық әлеуетін де жаңа деңгейге көтереді», – деді.
Музейдің негізін белгілі қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Нұрлан Смағұлов қалаған. Ол өзінің жеке қорынан Қазақстан, Орталық Азия және өзге де ел суретшілерінің 700 туындысын музейге сыйға тартты.
Жаңа өнер ордасы халықаралық деңгейдегі жобаларды, уақыт озған сайын жаңарып отыратын көрмелерді, білім беру бағдарламаларын, шеберлік дәрістерін, кәсіби қор сақтау мен реставрация шеберханасын, сондай-ақ кітапхананы қамтитын заманауи мәдени орталық ретінде қалыптаспақ.
Көріктендірілген 5 000 шаршы метрлік аумақта ашық аспан астындағы мүсіндер, субұрқақтар мен демалыс орындары орналасқан.