Алматыда оқушылардың жартысынан астамы мемлекеттік тілде оқиды

21 Тамыз, 2025

Алматыда қазақ тілінде білім алғысы келетіндердің саны артып барады. Қазір қаладағы оқушылардың жартысынан астамы (51%-дан астамы) мемлекеттік тілде білім алады. Бұл қоғамдағы сұранысты, қарқынды дамып келе жатқан қала тұрғындарының қай тілді көбірек таңдап жатқанын көрсетеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов осылай деп мәлімдеді.

1990 жылдың басында қалада 13 қазақ мектебі жұмыс істеген, қазір олардың саны 78-ге жетті. 77 мектеп аралас тілде оқытады. Мемлекеттік тілде білім алатын оқушы саны 11 мыңнан 158 мың балаға дейін, яғни 15 еседей артты.

Соңғы 12 жылда Алматыда 24 жаңа мектеп ашылған, оның 19-ы қазақша оқытатын мектеп. Мұндай мектептердің басым бөлігі халық тығыз қоныстанған, құрылыс үдеп жатқан аудандарда – Алатау мен Наурызбай ауданында орналасқан. Алатау ауданындағы 31 мектептің 16-сы қазақ тілінде оқытатын болса, қалған 11-і – аралас мектеп. Наурызбай ауданындағы 12 мектептің 8-і – таза қазақ тілінде де, қалған 4-і осындай аралас мектеп.

Мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім беру мекемелері де жақсы дамып келеді. Алматыдағы 132 жекеменшік мектептің 34-і толықтай қазақ тілінде оқытса, тағы 41 мектепте сабақ қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өтеді. Бұл – әртүрлі білім беру форматында мемлекеттік тілге  қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

Жыл сайын орта есеппен оқушылар саны 12–14 мыңға көбейіп жатқандықтан,  мектеп желісін кеңейтуге тура келіп отыр. Қалада қазір 34 мың орынға арналған 20 жаңа мектеп салынып жатыр. Онда ауданның демографиялық қажеттілігін ғана емес, ата-аналардың тілге байланысты талабы да ескерілген. Жаңа мектептің көбі қазақша оқытпақ енді. 

Ата-аналардың таңдауына қарай, қазақ тілі Алматыдағы білім берудің негізгі бағытына айналып барады. Республикамыздың әр азаматы баласының оқу тілін өзі таңдауға құқылы. Қолданыстағы  ережелерге сәйкес, мектептер айналасында тұратын барлық баланы қабылдауға міндетті. Ал жаңа білім ошағын ашар кезде оқыту тілі қоғамдағы сұранысқа қарай анықталады.

Ыңғайлы да жайлы тілдік орта құру – мемлекетік саясаттағы басым бағыт. Мемлекеттік қолдау мен халықтың арыз-талабын ескере отырып, Алматы білім саласындағы мемлекеттік тілді дамыту арқылы бәріне үлгі болып отыр. 

Бөлісу: