Іле-Алатау ұлттық паркі сақтықты күшейтіп жатыр

31 Шілде, 2025

Алматы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен табиғи ресурстарды қорғау бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің станция бастығы Ербол Темірбеков осылай деді.

200 мың гектардан астам аумақты қамтитын парктің ішіне Бостандық пен Медеу ауданы да кіреді. Бұл аумақтың ерекше табиғатын төтенше жағдайлардың алдын алу үшін құрылған арнаулы қызметтер бақылайды.

2025 жылдың басынан бері парк аумағында 5 орман өрт тіркеліп, жедел қимылдаудың арқасында сөндіріліпті. Жалпы өртенген алаң 0,0083 гектарға жеткен. Парктің барлық бөлімшесінде өрт сөндіру бөлімдері толық жасақталған: әрқайсысында 8 адамнан тұратын 4 топ құрылып, жалпы саны 32 адам, арнаулы киіммен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, қорда 1500 литр бензин мен 1000 литр дизель отыны тағы бар.

«Біз қауіп-қатерді азайту үшін бәрін қолға алдық. Парк бөлімшесінің әрқайсысында жедел әрекет ететін кәсіби топтар құрылды, инспекторларды оқытып, техникалық ресурстарды жаңартып, төтенше жағдайларға арналған отыннан қор жасап қойдық», - деді Ербол Темірбеков.

Өрттің алдын алу мақсатында:

- 228 шақырым өртке қарсы жолдар жөнделді,

- 78 шақырым минералданған жолақтар тазартылды,

- 13 мыңнан астам үгіт парақшасы таратылды,

- 22 бақылау мұнарасы мен сонша тікұшақ алаңы орнатылды.

Сонымен қатар, мемлекеттік инспекторлар адам аттап баса алмайтын қиын аумақтарды барлау үшін 131 қызметтік атпен қамтамасыз етілген.

Алдын алудың аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп, - мектептерде, волонтерлермен, жергілікті тұрғындармен бірлесіп экологиялық жобалар ұйымдастырылып жатыр. Жыл басынан бері ормандағы өрт қауіпсіздігі туралы БАҚ-да 29 материал жарияланды.

Сондай-ақ, орман өртінің алдын алу ережелерін бұзған 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл сомасы 8,7 миллион теңгені құрады, оның 5,6 миллион теңгесінен астамы өндірілген. Ұлттық парк өкілдері инспекторлардың қоқыс жинаумен айналыспайтынын, сондықтан  демалушыларды тазалық сақтап, қоқыс тастамауға шақырды.

Бөлісу: