Live
Түрксіб ауданы білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет саласын дамытып жатыр
22 Шілде, 2025

Түрксіб ауданы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды жалғастырып жатыр. Тек 2024-2026 жылдар аралығында білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет саласында 25-ке жуық үлкен жобаны жүзеге асырмақ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі осылай деп мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, мектептегі орын тапшылығын азайту үшін 2024 жылы №59 мектеп-гимназиясын 300 орынға кеңейту мен №83 мектеп-гимназиясының бөлімшесін жаңарту жұмысы аяқталып, жыл басында №195 мектепке 450 орындық қосымша ғимарат салынған. Сонымен қатар, «Қолжетімді мектеп» ұлттық жобасы аясында 6100 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжінің жаңа ғимараты салынып, ескісі бұзылады (құрылыс жұмысы 2026 жылдың қаңтарында аяқталады). №50 мектепті сейсмикалық жағынан күшейту мен күрделі жөндеу жұмысы биылғы желтоқсанға дейін аяқталса, №59 мектеп-гимназиясының бөлімшесін жаңартуды биылғы тамызға дейін бітірмек.
Қазір жобалау кезеңінде тұрғандар: №198 мектепке 600 орындық, №170 мектепке 125 орындық қосымша құрылыс, №78 мектеп-гимназиясын жаңарту мен 450 орындық қосымша ғимарат, №142 мектептің жаңарту жұмысы, №89 мектепті бұзу мен жаңа мектеп салу, №84 мектептің реконструкциясы мен №74 мектептің толықтай жаңадан салу бар.
Мектепке дейінгі білім беру саласында №70 балабақшаны сейсмокүшейту жұмыстары аяқталды. 2025 жылдың қыркүйегінде «Қайрат» шағын ауданында 260 орындық жаңа мемлекеттік балабақша ашылады. Сондай-ақ, №119 балабақшаның реконструкциясы мен «Әлмерек» шағын ауданында 240 орындық жаңа балабақша құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. «Жас Қанат» ауданындағы ескі балабақшаның бітпеген құрылысын алып тастап, оның орнына 320 орындық жаңа балабақша салынбақ. Бұл жобаға қатысты ПСД байқауы биылғы тамызда жарияланады.
Денсаулықсақтау саласында да оң өзгеріс байқалады: 2024 жылы «Нұршашкан» шағын ауданында 100 орындық дәрігерлік амбулатория салынып бітті. Жақын арада «Жұлдыз» шағын ауданындағы №20 емхана күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып, қыркүйекте Айбасов көшесіндегі 200 орындық отбасылық дәрігерлік амбулатория жұмысын бастамақ. 2026 жылдың бірінші тоқсанында №4 қалалық аурухананың қабылдау бөлімінің реконструкциясы аяқталады. Биылғы тамыз айында Наманган көшесінде 500 орындық жаңа емхананың құрылысы басталып, ескісін түгел бұзып тастайды.
Қазір «РВ90» мен «Әлмерек» шағын ауданында 200 орындық екі отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысына жобалық құжаттама әзірленіп жатыр, «Қайрат» шағын ауданында 340 орындық жаңа емхана, №24 емхана мен Туберкулез және пульмонология орталығын күрделі жөндеу, сондай-ақ №8 қалалық аурухананың жаңарту жобалары әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар, спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлініп отыр. 2025 жылдың ақпан айында «Жас Қанат» ауданында 600 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Қазір Майлин көшесінде орналасқан «Авиатор» спорт кешенінің жобасы әзірленуде, оның мемлекеттік сараптама қорытындысы 2025 жылдың тамызында шығып қалады. Сол айда «Жас Қанат» шағын ауданында даму және шығармашылық орталығының құрылысы басталып, №6 мектеп оқушыларының үйін күрделі жөндеуден өткізу жағы жоспарланған.
Даму бағдарламасы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, білім беру, медицина мен мәдени-демалыс қызметінің сапасын арттыруға бағытталған.