Live
Алматыдағы Геологтар аллеясы күрделі жөндеуден өтеді
17 Шілде, 2025
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов қолға алынған осы шаруалар жайлы баяндады.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы мен қала әкімінің тапсырмасы бойынша А. Байтұрсынұлы мен Қ. Сәтбаев көшесінің қиылысында орналасқан Геологтар аллеясы күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңғыртылмақ. Аллеяны жаңартып қана қоймай, заман талабына сай етіп, адамдарға қолайлы кеңістік құрмақ ойда. Ауақтың жалпы ауданы екі гектарға жуықтайды.
«Құрылыс-монтаж жұмысына кірісіп кеттік. Ескі құрылымдарды, соның ішінде автотұрақты бұзып жатырмыз қазір. Бірақ А. Байтұрсынұлы көшесі жақтағы 10 көлік орны қалады. Мұнда өте қызықты орын – студенттер аймағы ашылады. Студенттер мен қала тұрғындары мұнда уақыт өткізіп, демалып, шахмат, үстел теннисін ойнайды», – деді Батырхан Сүлейменов.
Қ. Сәтбаев ескерткішін аллеяның орталық кіреберіс аймағына көшіріп, ағаштарды жарықтандыратын декоративті жарық жүйесін орнатып, плиткалы жамылғыны жаңартпақ ойда. Жабайы жүзіммен көмкерілген перголалар мен жаңа орындықтар да қойылады, сондай-ақ аллеяның мазмұнын ашатын минералдардан құралған арт-нысан орнату да жоспарда бар.
«Біз көгалдандыруға ерекше көңіл бөлеміз: мұнда үлкен ағаштар, бұталар мен газон болады, бұрын шешімін таппаған автоматты суару жүйесі енгіземіз. Жасыл аймақты гидросебу әдісімен абаттандырамыз. Сонымен қатар “Колизей” – амфитеатр салынады, онда Қ.Сәтбаев атындағы университет іс-шара мен үйірмелер ұйымдастыра алады», – деп атап өтті ол.
Жобаны сәулетші Жанна Спунер әзірлеген. Соның аясында «Мұзтау 200» үлгісіндегі жаңа қоқыс жәшіктері мен Қазақстандағы геология тарихы туралы ақпарат беретін 12 ақпараттық тақта орнатылмақ. Сондай-ақ демалысқа арналған саңырауқұлақ тәрізді қалқа мен ашық аспан астындағы кітапхана да ашылады.
«Бұл күндіз де, кешке де жайлы, тартымды орын болады. Біз кеңістікті кез келген уақытта қауіпсіз әрі қызықты ету үшін декоративті жарықтандыруды белсенді түрде енгізіп жатырмыз», – деп қосты Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов.
Шамамен үш апта бұрын басталған жоба жыл соңына дейін аяқталып қалады. Күрделі жөндеуден кейін Геологтар аллеясы мәдени, білім беру мен демалыс қызметін біріктіретін осы заманғы әрі жайлы қоғамдық кеңістікке айналады.